Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Айна Мысырәлімова, Наталья Дементьева және Юлия Кучинская Көкшетау қаласындағы аутизммен ауыратын балаларды қолдау орталығына барды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Өңірдегі осындай алғашқы мемлекеттік мекемеде балаларға күндізгі мезгілде және тәулік бойы форматтарында көмек көрсетіледі. Орталық әр баланың жеке қажеттіліктеріне негізделген тегін түзету және дамыту бағдарламаларын, әлеуметтік бейімделу қызметтерін және күтім түрлерін ұсынады. Депутаттар мекеменің жұмыс жағдайымен танысып, педагогтармен әңгімелесті, сондай-ақ Ақмола облысында инклюзивті ортаны одан әрі дамыту жолдарын талқылады.
Депутат Айна Мысырәлімова ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау мемлекеттің басым міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нақты тапсырма берді, әр өңірде ерекше балаларды оңалту және дамыту орталықтарын ашу керек. Көкшетау қаласында енді осындай орталық бар. Мұндай мекемелерді жай ашып қана қоймай, тиісті мамандармен, әдістемелермен қамтамасыз ету, тұрақты қаржыландырып тұру өте маңызды. Бүгінде Ақмола облысы бойынша 30 мыңға жуық мүгедек адам бар, оның ішінде 3 мыңнан астамы бала. Мемлекеттің міндеті – олардың қоғамға бейімделіп, толаққанды өмір сүруіне жағдай жасау, – деді ол.
Депутаттар сондай-ақ Парламенттің кедергісіз ортаны заңнамалық тұрғыда жетілдіруге бағытталған жұмысына мән берді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы жақында қол қойған құрылыс кодексінде нысандардың қолжетімділігі базалық басымдық ретінде бекітілген. Яғни, ендігі уақытта кедергісіз ортаға қойылатын талаптар тұрғын және өндірістік ғимараттарды жобалау кезеңінде қатаң бақыланады.
Өңірде инклюзивті орта қалыптастыру шеңберінде 116 рейд жүргізіліп, 192 инфрақұрылым объектісі тексерілген. Соның нәтижесінде 80 бұзушылық анықталды.
Бүгінгі таңда облыста 127 инклюзия кабинеті жұмыс істейді, оған 2667 бала қатысады. Сондай-ақ 8 бейімделген спорт секциясы бар. Облыста жұмыспен қамту желісі бойынша 80 тақырыптық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 413 мүгедек адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.