Алматы қаласындағы крематорийдің құрылысы 2021 жылдың желтоқсан айында аяқталған еді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
ҚР Әділет министрлігінің мәліметінше, 2024 жылғы 9 қаңтарда Ұлттық экономика министрлігінің «Жерлеу және қабірлерді қарап-күту ісін ұйымдастырудың үлгілік қағидаларына» өзгерістер енгізуді көздейтін бұйрығы тіркелді.
— Қабылданған өзгерістер Қазақстан аумағында кремация рәсімін алғаш рет заңнамалық тұрғыдан жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл крематорийлердің қызметіне құқықтық негіз қалыптастырып отыр. Бұйрық күшіне енгеннен кейін Алматыдағы крематорий санитарлық және құқықтық талаптарды сақтай отырып, белгіленген тәртіпте қызметін бастайды, — делінген ведомство хабарламасында.
Қазіргі уақытта Алматы патологоанатомиялық бюросының бақылау кеңесі кремация қызметтерінің тарифтік кестесін бекіту жұмыстарын жүргізуде. Қызмет көрсету тәртібі мен баға туралы ақпарат бюроның ресми сайтында қосымша жарияланатын болады.
Еске сала кетейік, 2020 жылы Алматы әкімдігі крематорийдің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге тендер жариялаған. Ғимарат құрылысы 2021 жылы аяқталғанымен, 2022–2023 жылдары оның ашылуы бірнеше рет кейінге шегерілді. 2024-2025 жылдары нысанды балансына алатын жауапты ведомство анықталмағандықтан, ғимарат пайдалануға берілмей келді.