2016 жылдың 16 қазанында премьерасы өткен бұл қойылым жылдар бойы жоғары бағаланып, театрдың негізгі сахналық туындыларының біріне айналды. Мюзиклде қазақ музыкасының алтын қорына енген Шәмші Қалдаяқов, Ескендір Хасанғалиев, сондай-ақ «Дос-Мұқасан» тобының әйгілі әндері орындалды. Сонымен қатар әлемге танымал The Beatles тобының шығармалары мен заманауи стильдегі композициялар да көрерменге ұсынылды.
Қойылым желісі 1960–70 жылдардағы кезеңді қамтиды. Әр өңірден арман қуып, консерваторияға оқуға келген төрт жас жігіттің өмір жолы, достыққа адалдығы, алғашқы махаббаты мен жастық шақтағы қызықты оқиғалары сахнада әсерлі түрде бейнеленеді. Романтик, мақсатшыл, әзілқой және салмақты мінезді кейіпкерлердің әрқайсысы өмірлік сынақтарды бірге еңсеріп, достықтың шынайы құндылығын көрсетеді.
Мюзикл жастардың арман-мұраты, тағдырлы таңдау сәттері мен өмір жолындағы тосын сыйларға толы кезеңін суреттеп, көрерменге ұмытылмас әсер сыйлайды.
Қойылымның либреттосын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков жазса, аудармашы-драматург – Әннас Бағдат. Музыка авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Артур Оренбургский. Режиссері – Astana Musical театрының көркемдік жетекшісі Есләм Нұртазин.