Агроөнеркәсіп саласы – депутаттар назарында

Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колода Солтүстік Қазақстан облысындағы агроөнеркәсіптік кешеннің ірі жобаларының бірі – Eco Glade ЖШС саңырауқұлақ фермасының жұмысымен танысты.

Былтырғы жылдың соңында іске қосылған құны 11,3 млрд теңге болатын кәсіпорын агарикус тектес саңырауқұлақтар мен компост өндіруге бағытталған. Жылына 2 400 тонна саңырауқұлақ және 4000 тонна компост өндіруге қауқарлы Eco Glade өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қайта өңдеу секторын дамытуға елеулі үлес қосады.

Депутаттар өндіріс процесімен, саңырау­құлақ өсіру және қайта өңдеу жағдайларымен танысып, жобаға жоғары баға берді. Инвес­тицияның тең жартысы «Солтүстік» ӘКК мен «СҚО тәжірибесі» бағдарламасы сынды мемлекеттік қолдау шаралары арқылы жүзеге асырылған. Бұл – мемлекет пен бизнес арасын­дағы тиімді серіктестіктің жарқын мысалы. Ферманың ашылуы нәтижесінде 65 жаңа жұмыс орны құрылды. 

«Миллиардтаған инвестиция, жаңа технологиялар мен жұмыс орындары – бұл өңірдің дамуына серпін береді. Мемлекет басшысы атап өткендей, тұрақты экономиканың негізі – отандық бизнесті қолдау және қайта өңдеу саласына инвестиция тарту», – деді Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода.

Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел дамуындағы экономикалық өсім азаматтардың өмір сапасының жақсаруына және нақты табысының артуына тікелей әсер етуі қажет екенін бірнеше рет атап өткенін еске салды. Кәсіпорын арнайы экономикалық аймақтың артықшылығын пайдалана отырып іске асырылуда. Бұл  өндірістің жылдам дамуына және инвестициялық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Eco Glade ЖШС сияқты кәсіпорындар Солтүстік Қазақстан облысының бірегей жобаларды жүзеге асыруға қабілетті өңір екенін дәлелдейді.