Қасым-Жомарт Тоқаев көлемді сұхбатта ішкі және сыртқы саясат, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жүргізіліп жатқан реформалар сияқты аса маңызды мәселелер бойынша ойларын бөліскен. Қоғамда талқыланып жатқан бірқатар жайт бойынша пікір білдірген.
Инфляция мен салық реформасы, тариф саясатындағы түбегейлі өзгерістер туралы мемлекеттік шешімдер жайында барынша түсінік берген.
Президент айлығы шайлығына жетпей отырған халықтың мәселесі кешенді жұмыстың арқасында ғана шешілетінін айтты. «Халықаралық сарапшылар Қазақстанның «орташа табыстар қақпанына» түсіп қалғанын дұрыс байқап отыр. Ашығын айтайын, бұл – экономика туралы оқулықтан алынған жалпылама ұғым емес, күн сайын көптеген азаматымыздың басынан өтіп жатқан өмір шындығы. Жұрт табыс тауып жатыр, тіпті жақсы табыс табатындар да бар. Бірақ оның бәрін инфляция жеп қояды», – деп Президент ащы шындықты атады.
Тұрғын үй-коммуналдық саланың да жыры басылмай тұр. Жұмыс барысымен ауыл тұрғындарымен кездескенде, ұзақ жылдар бойы азаматтар жол, ауызсу мәселесін көтеретін. Бюджеттің басым бөлігі де осы бағыттарға бөлінетін. Осының арқасында көп елді мекендерге жол жөнделіп, су жетті. Соңғы жылдары электр, жылу, кәріз жүйесіне қатысты келесі мәселелер күн тәртібінде. Бұл саладағы нысандардың жобалық-сметалық құны бірнеше миллиардтан басталады. Үкімет осы нысандарға қаржы бағыттауда.
Шынымен де, Үкімет энергетикалық және коммуналдық нысандарды жаппай жаңғырту жұмыстарын қолға алды. Осының арқасында нысандардың апаттық жағдайға тап болу қаупі азайды. Жаңғырту шаралары ұзақмерзімді жұмысты қажет етеді.
«Шынымды айтайын, жеке абыройымды ойласам, мен де бұл жұмысты келесі басшылыққа ысыра салар едім. Бірақ халықтың көзі үйренген таптаурын түсініктерге қайшы келсе де, мен үшін қағаз жүзінде емес, іс жүзінде нақты нәтижеге қол жеткізу бәрінен де маңызды», – деп Президент ағынан жарылады.
Жалпы, сұхбатта Мемлекет басшысының халықшыл позициясы, ертеңге деген айқын көзқарасы, нақты бағдары көрінеді, қарапайым қазақстандықтарға сенім сыйлайды.
Әсем РАХМЕТОВА,
Сенат депутаты