Цементті сертификаттау Қазақстандағы өндірістің рекордтық өсіміне серпін берді

Жаңа ұлттық стандартты енгізу цемент өнімдерінің сапасын бақылау жүйесін күшейтіп, саладағы әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуге және отандық өндірістің тұрақты өсуіне қосымша жағдайлар қалыптастырды.

2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша, Қазақстандағы цемент өндірісінің көлемі 13,07 млн тоннаға жетіп, саланың бүкіл даму тарихындағы ең жоғары көрсеткіш тіркелді,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл нәтижеге қол жеткізудің негізгі алғышарттарының бірі – цемент өнімдерін сертификаттаудың ұлттық жүйесін жетілдіру. Аталған жұмыс жаңартылған СТ РК 3361-2022 ұлттық стандарты аясында жүзеге асырылды.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі 2025 жылы цемент пен портландцемент клинкерін өндірудің технологиялық регламентіне қойылатын талаптарды айқындайтын ұлттық стандартты бекітті. Құжат цемент өнімдерінің сәйкестігін растау рәсімдері барысында бағаланатын технологиялық процестерді сипаттау мен қолдануға бірыңғай тәсілдерді қалыптастыруға бағытталған.

Ұлттық стандарт СТ РК 3361-2022 «Сәйкестікті бағалау. Цемент пен портландцемент клинкерінің сәйкестігін растау тәртібі» талаптарын ескере отырып әзірленді және ГОСТ Р 58100-2018 «Сәйкестікті бағалау. Цементтерді сертификаттау қағидалары. Цемент өндірудің технологиялық регламентіне қойылатын талаптар» мемлекеттік стандартымен үйлестірілді. Ұлттық стандартты әзірлеуге өтінім беруші – «QazCem» Қазақстандық цемент және бетон өндірушілер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі.

Цемент өнеркәсібі –  құрылыс саласының негізгі базалық секторларының бірі  және елдің инфрақұрылымдық дамуына тікелей ықпал етеді. Өндірілетін цементтің сапасы мен тұрақтылығы технологиялық процестердің қатаң сақталуына байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, стандартталған технологиялық регламентті енгізу өндірісті жүйелеуге, технологиялық процестердің басқарылуын күшейтуге және өнім сапасының тұрақты деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ұлттық стандартты қабылдау саланың дамуына кедергі келтіріп келген бірқатар жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған. Атап айтқанда, технологиялық регламенттердің мазмұны мен рәсімделуіне қойылатын нормативтік талаптардың болмауы, өнім сапасына, энергия тиімділігіне және экологиялық қауіпсіздікке қойылатын талаптардың күшеюі, сондай-ақ өндірістік тәуекелдерді төмендету қажеттілігі осы құжатты әзірлеудің басты себептерінің бірі болды.

Технологиялық регламент цемент пен портландцемент клинкерінің сәйкестігін растау рәсімдерінен өту кезінде міндетті құжат болып саналады. СТ РК 3361-2022 стандартының 6.3-тармағына сәйкес, ол өтініш беруші тарапынан сәйкестікті растау органына ұсынылатын құжаттар топтамасының құрамына кіреді.

Ұлттық стандартты енгізудің экономикалық тиімділігі портландцемент пен тауарлық клинкер өндіруге қойылатын бірыңғай талаптарды белгілеу арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл өндірістік процестердің тұрақтылығын арттырып, өнім сапасының біркелкілігін сақтауға және отандық цемент өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Сәйкестікті бағалау жүйесін дамыту тәжірибесі өзінің тиімділігін іс жүзінде дәлелдеді. 2019 жылы СТ РК 3361-2022 ұлттық стандарты енгізілгеннен кейін Қазақстанда жасырын импорт көлемі айтарлықтай қысқарып, цемент өндірісінің көрсеткіштері рекордтық деңгейге жетті. Ал стандарттың жаңартылған нұсқасы саланың одан әрі дамуына серпін беріп, 2025 жылы өндіріс көлемінің тарихи максимумына қол жеткізуге мүмкіндік жасады.
Цемент өнеркәсібі бұл стандартты енгізуге іс жүзінде толық дайын және өндірушілер үшін қандай да  тәуекел немесе қиындық тудырмайды.