Қарт ана түрмеге жасырын түрде телефон өткізбек болған

Тыйым салынған затты мекемеге жасырын кіргізбек болған азаматша ұсталды.

Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №70 тергеу изоляторында тыйым салынған затты мекемеге кіргізу әрекетінің жолы кесілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мекемеге келген сәлемдемені рентген-телевизиялық құрылғы (РТУ) арқылы тексеру барысында сөмкенің ішіне жасырын тігілген 1 дана  Redmi  маркалы ұялы телефон анықталып, тәркіленген. Аталған тыйым салынған затты 65 жастағы қала тұрғыны Т.А. есімді азаматша мекемеде қамауда отырған ұлына жасырын түрде жеткізбек болған.

Азаматша өз кінәсін толық мойындады. Осыған байланысты оған қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды.

– Мекемеге тыйым салынған заттарды кіргізу әрекеттерінің алдын алу бағытындағы бақылау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі, – деді мекеме бастығы, әділет подполковнигі Мирас  Хамзин.