«Қысқы мектеп – 2026»: Жасанды интеллект дәуіріндегі білім беру мәселесі қаралды

Іс-шараға проректорлар, факультет декандары, кафедра меңгерушілері мен оқытушы-профессорлар қатысты.

Абай университетінде «Қысқы мектеп – 2026: Педагогикалық білім беруді жаңарту және зерттеушілік дағдыларды дамыту» тақырыбындағы дәстүрлі қысқы мектеп жұмысы одан әрі жалғасын тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Іс-шараға проректорлар, факультет декандары, кафедра меңгерушілері мен оқытушы-профессорлар қатысты.

Қазіргі таңда адамзат жаңа технологиялық кезеңге – жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялауы да – уақыт талабы мен жаһандық үрдістерге сай қабылданған маңызды шешім. Бұл бастама бекер емес. Себебі жасанды интеллект экономика, медицина, өндіріс салаларымен қатар, білім беру жүйесінің де мазмұны мен форматын түбегейлі өзгертіп отыр. Әсіресе, педагогика саласында ЖИ-дің рөлі артып, оқыту әдістемесін жаңғырту, оқытушының кәсіби құзыреттерін жетілдіру, зерттеушілік мәдениетті дамыту мәселелері алдыңғы қатарға шықты. Осы өзекті міндеттерге дайын болу мақсатында Абай университетінде дәстүрлі қысқы мектеп ұйымдастырылып, семинар-тренингтер жалғасып жатыр.

Жобаның негізгі тақырыбы жасанды интеллект дәуіріндегі жоғары білімнің дамуындағы трендтер мен сын-қатерлер болды. Жиынды академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Нарбекова ашып, педагогикалық білім берудің болашағына арналған стратегиялық бағыттарға тоқталды. Ол цифрландыру мен жасанды интеллект жағдайындағы жоғары білімнің жаһандық үрдістері, еңбек нарығына және педагог кадрларды даярлау жүйесіне ЖИ ықпалы туралы баяндады. Сондай-ақ  мұғалім даярлаудың жаңа модельдері, цифрлық дәуір педагогінің кәсіби құзыреттері, білім беру үдерісінде жасанды интеллектіні қолданудың этикалық мәселелерін қозғады. Еліміздегі жоғары білім саласындағы заңнамалық өзгерістерді, педагогикалық білім беруді дамытуға бағытталған халықаралық тәжірибелер мысалын сарапқа салды.

Қысқы мектеп аясында «Шығармашылық ойлау арқылы кәсіби коммуникация мен өзара қолдауды қалыптастыру» атты психологиялық тренинг ұйымдастырылды. Тренингті әлеуметтік даму жөніндегі проректор Мақсат Жақауов және психологтер Саида Қосбай мен Әсел Жүсіпекова жүргізді. Қатысушылар студенттерге көрсетілетін психологиялық қолдау мәселелерін қозғап, қызмет сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстарды талқылады.

Айта кетейік, «Қысқы мектеп – 2026» алдағы күндері кәсіби пікірталастар мен тәжірибе алмасу алаңы ретінде жұмысын жалғастырады. Онда педагогика саласындағы жаңа үрдістер мен жасанды интеллект дәуіріндегі білім берудің өзекті мәселелері кеңінен қамтылып, түрлі тың тақырыптар бойынша семинар-тренингтер өткізілмек.