Атырау облысы Жангелді ауылында болған ауыр қылмысқа байланысты жедел-іздестіру шаралары әлі де жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қазіргі таңда адам өлімі фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Алғашқыда 4 адамға қатысты із-түзсіз жоғалу фактісі тіркелген еді. Кейін олардың қатарына тағы 2 адам қосылды. Іздеу барысында 2 адамның мәйіті табылды. Ал қалған 2 жәбірленушіге қатысты ақпаратты анықтау мақсатында жұмыстар жалғасып жатыр.
Сонымен қатар 30 жастағы әйел мен 29 жастағы ер адамға халықаралық іздеу жарияланды. Біреуіне – сары бюллетень (із-түзсіз жоғалу), ал екіншісіне – күдікті ретінде іздеу жарияланған.
– «Оларды жедел ұстау және полиция бөлімшесіне жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Полицияға арыз 25 желтоқсанда түскен. Сол уақыттан бері іздестіру шаралары үздіксіз жүріп келеді. Халықаралық іздестіру бағыты туралы ақпарат жария етілмейді, себебі бұл күдіктілерге жетіп, тергеуге кедергі келтіруі мүмкін», – деді Атырау облысы Полиция департаменті Ақпараттық саясат бөлімінің бастығы Мейірім Ердәулет.
Оқиғаға қатысты әлеуметтік желілерде әртүрлі болжамдар тараған. Осыған байланысты полиция өкілі нақты фактілерге ғана сүйенуді сұрайды:
– «Әлеуметтік желілерде түрлі нұсқалар, соның ішінде ерлі-зайыптыны тұншықтырған деген болжамдар тарады. Алайда қаза тапқандардың денесінде пышақ ізі бар. Шаншып-тығу арқылы жасалған зақымдар анықталды. Мәйіттер сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Сараптама нәтижесінде жарақаттардың нақты саны, өлімнің себебі және қылмыстың нақты жасалған уақыты анықталатын болады», – деп мәлімдеді полицияның баспасөз хатшысы.
Құқық қорғау органдары тергеуді жан-жақты әрі мұқият жүргізіп жатыр. Халықтан тек ресми ақпарат көздеріне сенуді және жалған, расталмаған деректер таратпауды сұрайды.