Енді жұмыссыздар да МӘМС арқылы тегін медициналық көмек ала алады

Жаңа өзгерістердің арқасында МӘМС-пен қамтылған халық саны 90 пайызға дейін жетеді деп күтілуде.

Мемлекет басшысы МӘМС жүйесін жаңарту үшін заңға өзгерістер енгізді. Негізгі мақсат – 2027 жылдан бастап денсаулық сақтау саласын біртіндеп сақтандыру жүйесі арқылы қаржыландыруға көшу. Соның негізінде медициналық қызметтердің басым бөлігі азаматтар, жұмыс берушілер және мемлекет төлейтін жарналар есебінен қаржыландырылады. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Лаура Сапарбекова айтып берді,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Лаура Сапарбекованың айтуынша, жаңа өзгерістердің арқасында МӘМС-пен қамтылған халық саны 90 пайызға дейін жетеді деп күтілуде. Бұл жүйенің тұрақты жұмыс істеуіне және медициналық қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

– Бірыңғай медициналық пакеттің енгізілуі халық үшін медициналық көмекті бұрынғыдан да қолжетімді етеді. Жоғары табысы бар азаматтар үшін МӘМС жарналары есептелетін табыстың жоғары шегі ұлғайтылды. Яғни, табысы көп адам жүйеге көбірек төлейді. Бұл – әділетті шешім және МӘМС қаржысының тұрақтылығын күшейтеді.

Әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін жарналар жергілікті бюджет есебінен төленеді. Бұл халықтың әлсіз топтарын МӘМС жүйесімен қамтуға және әкімдіктердің тұрғындар денсаулығына деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Бұдан бөлек, бұрын ұзақ демалысқа шыққан адамдар жарна уақытында түспегендіктен, сақтандырылған мәртебесінен айырылып қалатын. Енді 5 жыл бойы тұрақты жарна төлеген азаматтар жарна төлеу тоқтаған күннен бастап 6 айға дейін медициналық көмекті ала алады.

Сондай-ақ Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен медициналық ұйымдардың жұмысы ашық бола түседі. Бақылау күшейтіліп, заңсыз медициналық қызметтің алдын алу шаралары жедел жүргізіледі.

Жалпы, бұл өзгерістер халықты медициналық қызметпен толық қамтуға, жүйені тиімді әрі әділетті етуге бағытталған деп ойлаймын, – деді Лаура Сапарбекова.