Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов Атырау қаласы Дамбы ауылында орналасқан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Атырау облыстық департаментіне қарасты Жағалау күзеті дивизионының жеке құрамымен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Кездесуге Мәжіліс депутаты Абзал Құспан, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресов және облыстық мәслихат депутаты Жеңіс Әбілқарес қатысты.
Басқосу барысында мемлекеттік шекара күзетінде тұрған бөлімшенің материалдық-техникалық жағдайы талқыланды. Атап айтқанда, Жағалау күзеті пайдаланатын әкімшілік-тұрмыстық ғимарат 1980 жылы салынған бұрынғы балабақша ғимараты екені, техникалық қорытынды бойынша нысан апаттық жағдайда тұрғаны айтылды. Ғимарат қолданысқа берілгеннен бері жөндеу жұмысы жүргізілмегеніне, жауын-шашын күндері төбесінен су ағып, пайдалануға жарамсыз күйге түскеніне назар аударылды.
Кездесуде Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов әскери қызметтің мәні мен маңызына тоқталды.
– Мемлекет басшысы жуырда «Turkistan» газетіне берген сұхбатында әскери қызметтің абырой-беделін көтеру және еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру – мемлекеттің басты басымдығының бірі екенін айтты. Президент атап өткендей, «Сарбаз болу – өзіңді дамыту үшін тың мүмкіндіктерге ие болу деген сөз. Отан қорғау – еліміздің әр азаматының ең қастерлі борышы. Мемлекет қауіпсіздігін, ел мен жер тұтастығын қамтамасыз ету – баршаға ортақ міндет. Сондықтан жастар қауымы сапалы әскери даярлықтан өтуге тиіс. Біз бұған ерекше көңіл бөліп келеміз. Әскердегі тәртіп мәселесін жіті қадағалаймыз. Әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалмайды, – деді ол.
Айта кетейік, 2024 жылы Бақтықожа Ізмұхамбетов осы мекеме ұжымымен кездесу өткізіп, бірқатар мәселелерді көтерген болатын. Соның нәтижесінде дивизиондағы көлік тұрағы жаңғыртылып, қайта салынды. Биыл құны 17 млн теңгені құрайтын жөндеу жұмысын бастау жоспарланып отыр.
Кездесу барысында ҚР ҰҚК Шекара қызметі Атырау облыстық департаментінің Жағалау күзеті дивизионының командирі Фархад Мирманов мекемеде жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндады, шешімін күткен түйткілді мәселелерге тоқталды.
Өз кезегінде Бақтықожа Ізмұхамбетов көтерілген мәселелер шешімін табуы үшін уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиісті жұмыс жүргізілетінін атап өтті.