Павлодарда өзімен бірге 10 жыл тұрған ер адамды пышақтаған әйел сотталды

Сот үкімімен ол 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында 49 жастағы әйелге қатысты қылмыстық іс қаралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Сот үкімімен ол 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Тергеу мәліметінше, оқиға 2025 жылдың қараша айында болған. Азаматтық некеде тұрған ерлі-зайыпты пәтерде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жүрген кезде жанжал шыққан. Ер адам әйелдің жұмысына көңілі толмай, оны арқасынан ұрған. Біраз уақыт өткен соң, әйел жауап ретінде ер адамды пышақтаған.

Сот барысында жәбірленуші олардың шамамен 10 жыл бірге тұрғанын, бірақ некені ресми тіркемегенін айтты. 2025 жылғы 28 қарашада екеуі күні бойы үйде болып, ішімдік ішіп, еден құю жұмыстарымен айналысқан. Жанжал еденді дұрыс құймауға байланысты шыққан. Ер адам алған жарақатын нақты қалай алғанын білмейтінін, кейін ауруханада есін жиып, операция жасалғанын жеткізді. Ол соттан әйелді бас бостандығынан айырмауды сұраған.

Оқиғадан кейін әйел жасаған ісіне өкініп, жедел жәрдем шақырған. Алайда сот жәбірленушінің өтінішіне қарамастан, айыпталушыны 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды.