Темірлан Анарбековтің бұрынғы командаласы Матия Ром ASnews.kz сайтына берген сұхбатында қазақстандық қақпашының әлеуеті мен болашағы туралы пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
«Ғалымжан Кенжебек секілді, Анарбеков те "Жеңістегі" кезеңінен бері үлкен прогресс көрсетті. Темірлан сол кездің өзінде әлеуетін байқатқан еді. Ол – өте жылдам және сол аяғымен сенімді ойнай алатын қақпашы. Кейін "Қайратқа" ауысқан соң шеберлігі одан әрі шыңдалды. Қазір Қазақстандағы үздік қақпашылардың бірі саналады. Болашақта оны Еуропа лигаларынан көретінімізге сенемін. Бірақ дұрыс таңдау жасау маңызды – қақпашы үшін бірінші нөмір бола алатын команда керек. Себебі бұл – ерекше позиция», – деді словениялық футболшы.
Т. Анарбеков бұған дейін «Жеңіс» сапында өнер көрсетіп, сол кезде-ақ болашағынан үміт күттіретін ойыншы ретінде танылған. Қазір ол – алматылық «Қайраттың» негізгі қақпашысы.
Темірланның Чемпиондар лигасындағы жарқын ойыны шетелдік скауттардың назарын аударды. БАҚ деректеріне сүйенсек, оған Түркия клубтары қызығушылық танытып отыр.
Айта кетейік, Анарбековтің «Қайратпен» келісімшарты 2028 жылға дейін жарамды. Қақпашының нарықтық құны – 400 мың еуро.