Мектептің алмасы, мектептің сүті, мектептің балы. Енді еліміздегі мектептердің асханасында оқушыларға тек отандық азық-түлік өнімдері ұсынылады. Жақында Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров осындай жобаның қарастырылып жатқанын жеткізді. Иә, дәл қазір оқушылар көктемгі демалыста. Әлемді шарпыған пандемияға байланысты демалысқа ерте шыққан балалар 16 наурыздан 5 сәуірге дейін 21 күн үйде. Дегенмен коронавирус індеті де көп ұзамай ауыздықталып, карантин тоқтауы мүмкін. Ал мектеп жасындағы баланы тамақтандыру тақырыбының маңызы зор. Мамандар бала мектепте болған кезде тамақтану режимінің күнделікті тұтыну нормасының кем дегенде 70%-ымен қамтамасыз етілуі керек екенін айтады.
Бұл орайда, Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынып отырған жобада «Мектептің алмасы», «Мектептің сүті» және «Мектептің балы» секілді арнайы бағдарламалар енгізілген. Яғни, бұл біріншіден, табиғи, таза өнім. Екіншіден, қазақстандық өндірушілер үшін тауарын өткізетін жер табылғалы тұр. Өйткені республика бойынша 7 024 мектепте 3 миллионнан астам оқушы білім алуда. «Бұл жоба отандық өндірушілерді қолдауға және дұрыс тамақтану мен салауатты ұрпақты қалыптастыруға негізделген. Сонымен қатар қазір барлық бағдарлама ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға бағытталған, бұл шикізатты қайта бөлуді және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары мен қарапайым фермерлер мен ауылшаруашылық кәсіпорындар үшін тиімділікті арттырады», – деді Үкімет сағатында Сапархан Омаров.Расын айту керек, мектеп оқушысын қажетті мөлшерде тамақтандыру ісі біздің елде осы уақытқа дейін толық шешілмей келген мәселе. Себебі мектеп асханасы жүйесінде ұзақ жыл бойы белгілі бір кәсіпкерлер жұмыс істегендіктен, нарықты өзара бөлісу, мектеп басшылығымен ымыраға келу секілді факторлар жиі тіркеліп жататын. Оның үстіне, асхананы жалға алған кәсіпкердің барлығы бірдей талапқа сай қызмет атқармайды. Ал оқушыда не ішем, не жеймін дейтін таңдау болған жоқ. Сол себепті оқушылардың да, ата-ананың да көңілі толмай жатады. Соңғы жылдары медицина мамандары балалардың ас қорыту жүйесі бұзылғаны жайлы жиі айтып, дабыл көтеруде. 14 жасқа дейінгі балалар арасында артық салмақ қосу, асқазан аурулары көбейген. Мұның барлығы күні ұзын көп уақытын мектепте өткізетін оқушының дұрыс тамақтану ережесін сақтамауынан. Кейбір мектептердің асханасындағы тамақ нәрсіз, дәмсіз болғандықтан, балалар жол-жөнекей «фаст-фуд» тағамдарын жей салуға үйір. 2018 жылы сол кездегі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің бұйрығымен жаңа тәртіп енгізілді. Ол бойынша, асханаға тамақ жеткізетіндерді мектеп басшылығы емес, арнайы комиссия қабылдап алатын болды. Дегенмен оқушыны табиғи, таза әрі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету барлық мектепте түбегейлі шешілген жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынып отырған жаңа жоба осы проблемаларды түпкілікті жояды деп күтіліп отыр. Сапархан Омаров Мәжілістегі Үкімет сағатында мектеп тамағын жеткізушілерге бағаны көтеруге жол берілмейтініне сендірді. Оның айтуынша, ведомство импортты алмастыру және экспорттық әлеуетті іске асыру аясында тоғыз басым бағыт бойынша кәсіпорындарға аудит жүргізген. Сондай-ақ қабылданған бағдарламалар сүт, ет, майлы дақылдар, жемістер мен көкөністерді, қант қызылшасы мен картопты терең өңдеуге мүмкіндік береді. Қазақстанда 1-4 сынып оқушылары тегін тамақтанады. Ол үшін бюджеттен арнайы қаражат қарастырылып, басы шешілген мәселе. Десе де, мектеп асханасына қазынадан бөлінетін қаражаттың салмағы да баршылық. Мысалы, бір ғана Павлодар облысында 1-4 сынып аралығындағы оқушыларды тегін тамақтандыруға жергілікті бюджеттен жылына 2,2 миллиард теңге жұмсалады екен. Әрине, бұл сома бала санына қарай әр облыста әртүрлі. Біз дерегін келтірген Павлодар облысында 2018 жылы 7 мың оқушы 1-сыныпқа барса, былтыр ол көрсеткіш 14 мыңға жеткен. Осылайша, демографиялық көрсеткіш мемлекеттің, қоғамның әлеуметтік жауапкершілік бағыттағы жұмыстарын еселеп арттыруды талап етуде.
Бастауыш сыныптардан бөлек, көпбалалы отбасындағы жоғары сынып оқушыларын тамақтандыру да жауапты істің бірі. 2019 жылдың қыркүйегінен бастап Нұр-Сұлтан қаласының мектептерінде көпбалалы отбасының 5-11 сыныптарда оқитын балаларын бір уақыт ыстық тағаммен қамтамасыз ету қарастырылды. Дегенмен елорданың бюджеті көтерген жобаның барлығы бірдей өңірлерге оңайға түсе бермесі анық. Осыған орай, биыл қаңтар айында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Президенттік жастар кадрлық резерві өкілдерімен кездескен кезде де осы мәселені көтерген болатын. «Біз мемлекеттің әлеуметтік саясатының оңтайлы моделін іздеудеміз. Атаулы әлеуметтік көмек мәселесі өте өзекті. Біздің қоғамда ол өте айқын көрінеді. Мемлекет мұқтаж адамдарға көмектесуі керек» деген Президент ұлттық буржуазия өкілдерін аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың оқушыларын тегін тамақтандыру үшін көмек көрсетуге шақырған. Мұндай тәжірибе Финляндия, Швеция, Чехия, Эстония секілді елдерде бар. Яғни, кәсіпкер азаматтар мектеп оқушыларын тамақтандыру ісіне мемлекетпен бірлесе қатысады. «Нью-Йоркте 2017 жылдан бастап барлық мемлекеттік мектепте тегін тамақтану енгізілді. Бұл миллионнан аса баланы қамтыды. Мен де біздің елдің меценатттары мен бизнес өкілдері осындай іске белсене араласады деп сенемін», – деді Қ.Тоқаев.Дамыған елдердегі жағдай жоғарыдағыдай. Ал көршіміз Ресейдің тәжірибесін қарасақ, оларда мектеп асханасына бөлінетін қаржы үш көзден қалыптасады екен: өңірлік бюджет, муниципалды және отбасылық қаражат есебінен. Мысалы, Павлодармен іргелес Омбы қаласында бір оқушының бір күнгі тамағына жергілікті бюджеттен 5 рубль бөледі. Оған муниципалды бюджеттен қаржы қосылады. Омбы қаласы білім басқармасының мәліметінше, қаладағы мектеп асханаларында ыстық тамақ бағасы – 25-30 рубль. Әрине, Ресей халқының саны бізден әлдеқайда көп. Соған орай, мектеп оқушыларының өзі 9 млн-нан асады. Оның 48%-ы бастауыш сыныпта оқитынын айта кеткеніміз жөн. Қалай дегенмен, мектептегі тамақтану ісін ұйымдастыру оқушылардың денсаулығын сақтауға және нығайтуға бағытталған барлық стандарттың сақталуын қамтамасыз етуі керек. Ең бастысы, баланың ағзасын қажетті калория, дәруменмен қамтамасыз етуден бөлек, мектеп асханасындағы тағам экологиялық қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай болуы тиіс.