Күні кеше ғана қаскөйдің қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың мәйіті туған жері Төрткөлде жер қойнына тапсырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қайғылы оқиғаға байланысты туыстары тергеудің әділ жүруін талап етіп жатыр.
Н.Серікбайдың мәйіті туған ауылы Төрткөлде жерленді. Жақындарының айтуынша, ол мектепті үздік аяқтап, Алматы қаласында дизайнер мамандығы бойынша білім алып жүрген. Қысқы демалыста ғана үйіне оралған.
Марқұмның туыстары оқиғаның жай-жапсары жайлы жаңа деректерді бөлісті. Айтуынша, Нұрай күдіктімен өткен жылы жазда танысқан. Бірақ көп ұзамай ер адам оны еркінен тыс алып қашып, үйленбек болған. Қыздың да, отбасының да келісімінсіз болған бұл әрекеттен кейін Нұрай полиция көмегімен үйіне қайтарылған. Сол уақытта арыз да түсірілгенімен, күдікті мазаламауға уәде берген соң, кешірім берілген.
Дегенмен, қорқытып-үркіту әрекеттері тоқтамаған. Соңы қайғылы жағдаймен аяқталды.
Марқұмның туысқан ағасы Ғалымжан Сағымбек:
– Ежелгі дәстүрімізбен жуып, арулап шығарып салуға да жағдайымыз келмей қалды. Денесіне салынған ауыр жарақаттардан бетіне қараудың өзі қиын болды. Арқасына кем дегенде жеті жерден пышақ сұққан екен, – дейді.
Ал Нұрайдың анасы Айгүл Сағымбекова күдіктіге ең ауыр жаза қолдануды талап етіп отыр:
– Алтындай ақылды қызымнан айырылдым. Өмір бойы түрмеде отырсын, тіпті ату жазасына кесілсе де жаным ашымайды. Мұндай айуандықты кешіруге болмайды, – деп ашынып сөйледі.
Қазір бұл іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Марқұмның туыстары істің әділ, ашық қаралуын қалайды.