Талғар ауданында «Заң және Тәртіп» жобасы аясында жастардың құқықтық мәдениеті артып келеді

Аудан аумағындағы 10 жалпы білім беретін мектеп пен 3 колледжде құқық қорғау органдарында тәжірибесі бар тәлімгерлердің қатысуымен шамамен 9 мың сабақ өткізілді.

Алматы облысының Талғар ауданында Мемлекет басшысының «Заң және Тәртіп» бастамасын іске асыру шеңберінде жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстардың белсенділігі артты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Аудан аумағындағы 10 жалпы білім беретін мектеп пен 3 колледжде құқық қорғау органдарында тәжірибесі бар тәлімгерлердің қатысуымен шамамен 9 мың сабақ өткізілді. 400-ге жуық білім алушымен жеке профилактикалық жұмыс ұйымдастырылды. Бұл шаралар буллингтің, зорлық-зомбылықтың және құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

Оқыту барысында өмірлік кейстерді талдауға ерекше назар аударылды және сабақ форматы білім алушылар мен педагогтердің белсенділігін арттырды. Қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік мәселелері бойынша жүргізілген анонимді тестілеу нәтижелері оқу материалының меңгерілу деңгейі 90%-дан жоғары екенін көрсетті.

Биыл оқу жылының I және II тоқсандарының қорытындысы бойынша, құқықбұзушылықтардың төмендегені байқалды. Қылмыстық құқықбұзушылықтар саны алты есе азайды. Әкімшілік құқықбұзушылықтар 29,5%-ға төмендеді. Сондай-ақ профилактикалық есепке қою бойынша да оң динамика тіркелді. Мәселен, ішкі істер органдарында есепте тұрған білім алушылар саны алты есе қысқарды, ал мектепішілік есептегі оқушылар саны 30%-ға азайды.

2026 жылдың қыркүйек айынан бастап балалар құқықтарының бұзылу көрсеткіші жоғары білім беру ұйымдарында жобаны кеңінен енгізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта кешенді талдау жүргізіліп, «Заң және Тәртіп» жүйесін республикалық деңгейде апробациялау және енгізу үшін білім беру ұйымдарының тізбесі қалыптастырылуда.

Пилоттық жоба аясындағы сабақтар екі аптада бір рет өткізіледі. Әдістемеде құқықтық білім деңгейін анықтауға арналған бастапқы және қорытынды диагностика қарастырылған. Сонымен қатар жасөспірімдер ортасындағы тәуекелдерді уақытылы анықтау және алдын алу мақсатында білім алушылардың мінез-құлқына тұрақты мониторинг жүргізіледі.