«Туған әпкесі Сирияға барған»: Атырау облысындағы атышулы іске байланысты күдіктінің әкесі сұхбат берді

Журналист Сұлтанның әпкесінің Сирияға барғаны жөніндегі ақпараттың растығын сұрады.

Атырау облысында қоғамның қызу талқысына түскен қылмыстық іске байланысты күдікті ретінде танылған Сұлтан Сәрсемәлиевтің әкесі Самиғолла Сәрсемәліұлы алғаш рет пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

«Qazaq Airan» тілшісі Айдана Мейрамбайқызымен сұхбат барысында отбасы мүшелеріне қатысты кейбір мәліметтерді нақтылауға тырысты.

Журналист Сұлтанның әпкесінің Сирияға барғаны жөніндегі ақпараттың растығын сұрады:

– Аға, сіздің қызыңыз, яғни Сұлтанның әпкесі Сирияға барып келген дейді. Не себеппен барды? – деп сұрақ қойды тілші.

Самиғолла Сәрсемәліұлы бұл жағдайды күйеу баласының әрекетімен байланыстырып түсіндірді:

– Оны күйеуі алдап алып кеткен дейді. Бала-шағасымен бірге алып кеткен. Қыдырамыз деген... Түркия арқылы кеткен сияқты. Арғы жақта құжаттарын жоқ қылып жіберген. Күйеу баламыз сол жақта қайтыс болған дейді. Қазір ол туралы әңгіме қозғамаймыз, – деп жауап берді ол.

Қазіргі таңда бұл мәселеге қатысты тергеу жалғасып жатыр. Ресми органдардан толық мәлімет әлі де күтіліп жатыр.