Адамдарға жүйелі түрде көмек көрсету үшін жеткілікті ресурс, көлік пен уақыт жеткілікті ме, әлде бұл тек ара-тұра жүзеге аса ма? Осы сұрақтар Мәжіліс депутаттарының Павлодар облысындағы қоғамдық ұйымдармен кездесуінің негізгі тақырыбы болды. Кездесу өңірдегі волонтерлік қозғалысты және азаматтық белсенділікті дамытуға арналды.
Ертіс өңірі белсенділерімен ашық әңгімеге Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Вера Ким, Жарқынбек Амантайұлы және Нұржан Әшімбетов қатысты. Волонтерлер өз жобаларын таныстырып, әлеуметтік көмек, экология, әлжуаз топтарды қолдау және азаматтық бастамалар бағытындағы практикалық тәжірибелерімен бөлісті.
Вера Ким Қазақстандағы волонтерліктің бірреттік акция емес, тұрақты жүйеге айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл үдеріс халықаралық деңгейде де мойындалды – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 2026 жылды Орнықты даму мақсатындағы халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Сондай-ақ ол 2020 жыл – Волонтер жылы ретінде жарияланып, осы бастама еріктілер қозғалысына серпін беріп, кейін заңнамалық базаның жаңартылғанын еске салды.
Жарқынбек Амантайұлы қиын кезеңдерде волонтерлер мен партия белсенділерінің атсалысқан нақты істеріне мысалдар келтірді – Екібастұздағы жылу жүйесіндегі апат кезінде, 2024 жылғы су тасқыны кезінде, Қостанай облысындағы және «Семей орманы» резерватындағы өрт кезінде. Барлық жағдайда көмек жедел көрсетілді – гуманитарлық жүктер жеткізілді, халықты эвакуациялау, бөгеттерді бекіту және қалпына келтіру жұмыстарына қатысу ұйымдастырылды.
Павлодар облысы бойынша «Жас Ұлан» қозғалысының үйлестірушісі Әйгерім Түсіпбекова жастардың қатысуымен атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Оның айтуынша, бүгінде өңірдегі әрбір мектепте дерлік волонтерлік отрядтар жұмыс істейді, ал еріктілікке бастауыш сынып оқушылары да тартылған. Олар экологиялық акцияларға қатысады, қарт адамдарға көмектеседі және өз бастамаларын жүзеге асыруда.
Елнар ЕЛТАЙ