Апаттық жағдайдағы ғимараттар назарда

Тозығы жеткен инфрақұрылым мен қызметтік ғимараттардың апаттық жағдайы мемлекеттік шекараны күзететін әскери бөлімшелер үшін әлі де өзекті мәселенің бірі болып отыр.

Осы мә­селелер Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің Атырау қаласы Дамбы ауыл­ында орналасқан ҰҚК Шекара қызметінің Атырау облысы бойынша жағалау күзеті дивизионына сапары барысында басты назарға алынды.

Жеке құраммен өткен кездесуде бө­лім­шенің материалдық-техникалық жағдайы талқыланды. Жағалау күзетінің әкімшілік-тұрмыстық ғимараты 1980 жылы салынған бұрынғы балабақша ғимаратында орналасқан және техникалық қорытындыға сәйкес, апаттық жағдайда деп танылды. Мұнда күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген жоқ. Шатырынан су ағады. Соның салдарынан ғимарат толыққанды қызмет атқаруға жарамсыз болып отыр.

Бақтықожа Ізмұхамбетов еліміздің қорғаныс қабілеті мен әскери қызметтің жағдайы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, әскери қызметшілерге лайықты жағдай жасау олардың даярлық деңгейіне және әскери қызметтің беделіне тікелей әсер етеді.

– Мемлекет басшысы жуырда «Turkistan» газетіне берген сұхбатында әскери қызметтің абырой-беделін көтеру және еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру – мемлекеттің басты басымдығының бірі екенін айтты. Президент атап өткендей, «Сарбаз болу – өзіңді дамыту үшін тың мүмкіндіктерге ие болу деген сөз». Отан қорғау – еліміздің әр азаматының ең қастерлі борышы. Мемлекет қауіпсіздігін, ел мен жер тұтастығын қамтамасыз ету – баршаға ортақ міндет. Сондықтан жастар қауымы сапалы әскери даярлықтан өтуге тиіс. Біз бұған ерекше көңіл бөліп келеміз. Әскердегі тәртіп мәселесін жіті қадағалай­мыз. Әскери қызметшілердің әлеуметтік жағ­дайы да назардан тыс қалмайды, – деді ол.

2024 жылы өткен кездесу қорытын­дысы бойынша бірқатар мәселе шешімін тапты. Атап айтқанда, дивизионның кө­лік тұрағы жаңғыртылып, қайта салын­ды. 2026 жылы құны 17 млн теңгені құ­рай­тын жөндеу жұмысын бастау жос­парланып отыр.

Дивизион командирі Фархад Мирма-нов жүзеге асырылып жатқан жобалар мен ше­шімін күткен мәселелер туралы баян­дады. Депутаттың айтуынша, кө­терілген барлық мәселе уәкілетті мем­лекеттік органдармен бірлесіп пысық­талады.

Елнар ЕЛТАЙ