Бұл тек құжаттық кемшілік емес, ең алдымен адам өмірі мен қауіпсіздігіне төнген тікелей қауіп. Осы мәселе облыс әкімдігінде өткен арнайы жиында кеңінен талқыланып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.
Жиында мәлім болғандай, бүгінде Түркістан облысында жаңадан салынып жатқан 469 құрылыс нысанында түрлі заңбұзушылық анықталған. Соның салдарынан жауапты тұлғалар мен мердігер ұйымдарға 325 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұл – заңсыздықтың жай ғана статистикасы емес, саладағы жүйелі олқылықтың айқын көрінісі. Ең сорақысы, 40 нысанның құрылысы заң талаптарына мүлде сай келмегендіктен, оларды мәжбүрлеп бұзу туралы шешім қабылданған. Қыруар қаржы жұмсалып, бой көтерген ғимараттардың енді жермен-жексен болу қаупі –жауапсыздықтың нақты салдары.
Қазір облыс аумағында 1 722 құрылыс нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оның барлығы мемлекет бақылауына алынған. Бұл – жай формалды бақылау емес, әр кірпішке дейін есепке алынуға тиіс жауапты процесс. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жиында бұл мәселеге ерекше тоқталды. Облыс басшысы заңсыз салынған әрбір нысан тек құрылыс нормаларын бұзу емес, мемлекеттік жоспарлауға, аймақтың сәулеттік келбетіне және құрылыс саясатына қарсы жасалған әрекет екені айтты. «Заңсыз құрылыс – адам өміріне төнген қауіп. Бүгін көз жұма қараған олқылық ертең орны толмас өкінішке айналуы мүмкін», – деді аймақ басшысы.
Сонымен бірге, облыс әкімі тәртіпті күшейтеміз деп бюрократияны көбейтуге жол бермеу керек екенін қадап айтты. Себебі қарапайым тұрғындар айлап, тіпті жылдап құжат жинап, табалдырық тоздыруға мәжбүр болмауға тиіс. Заң бар жерде тәртіп те, әділдік те қатар жүруі керек. Алайда кейбір аймақтарда, әсіресе шекаралық, демалыс және рекреациялық аумақтарда өз бетінше құрылыс салу деректері жиілеп кеткен. Мұндай аумақтар ерекше қорғалатын аймақтар, онда бей-берекет құрылыс салу экологияға, табиғи тепе-теңдікке орасан зиян келтіреді. Облыс әкімі бұл бағытта қатаң тыйым салынатынын ашық айтты.
Енді заңсыз құрылыс анықталған жағдайда тек мердігерлер ғана емес, ауыл, аудан әкімдері мен салаға жауапты шенеуніктер де жауапкершілікке тартылады. Мәселенің ушығып тұрғанын тағы бір дерек дәлелдейді. 2025 жылдың өзінде бюджет қаржысы есебінен салынып жатқан 100 құрылыс нысанында заңбұзушылық анықталған. Соған байланысты 121 әкімшілік хаттама толтырылып, 103 миллион теңге айыппұл салынған. Бұған қоса, талапты өрескел бұзған кейбір құрылыс компанияларының лицензиялары бойынша жекелеген жұмыс түрлері уақытша тоқтатылған. Бұл – мемлекет тарапынан жасалып отырған нақты әрі қатаң қадам. Себебі сапасыз, заңсыз салынған әр ғимарат болашақта апатқа, адам шығынына, миллиардтаған шығынға алып келуі мүмкін.
Қорытындылай айтқанда, Түркістан облысында құрылыс саласында тәртіп орнату кезеңі басталды. Бұл – тек тексеру мен айыппұл емес, жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған шешуші қадам. Заңсыздыққа көз жұма қарау тоқтайды. Ал заңды, сапалы, қауіпсіз құрылыс өңір дамуының басты кепілі болмақ.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы