Десе де, олардың міндетіне не кіретінін көпшілік біле бермейді. Жалпы, әлеуметтік қызметкердің қажеті бар ма? Олардың не істеуі тиіс, міндетіне ненің кіріп, ненің кірмейтінін білмек болдық. Сол үшін Көктал-1 алабында орналасқан «Астана қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының жұмысымен танысып, мекемеден тыс қызмет алушыларға үйінде көмектесетін әлеуметтік қызметкермен күнімізді өткердік.
Немерем өздігінен мені қолына алмайды
Бізді Мереке есімді әлеуметтік қызметкерге көмекші ретінде жүктеді. Екеуміз таңғы сағат 9-дарда Петров көшесіндегі мекенжайда кездесетін болып келістік. Кенеттен таңғы сағат 8-дерде әлеуметтік қызметкер Желтоқсан көшесіндегі қызмет алушыға баратынымызды айтып, мекенжайды өзгертті. Келісілген уақытта жүздескен екеуміз бес қабатты тұрғын үйдің 4-қабатына жаяулатып көтерілдік.
Есікті аша бергенімізде пәтерден екі апамыз қосақтаса шықты. Бізбен апыл-ғұпыл амандасқан орыс апамыз өзімен шамалас келген, сырт киімін киіп алған қартты меңзеп: «Мереке, апамызды үй жанындағы дүкенге апарып, екі «доширак» пен бір бөлке нан алуына көмектесші» деді. Әлеуметтік қызметкер оның айтқанына елп ете кетті. Сырт киімін киіп алған апамызды қолтықтай бере «аяғыңызға нәски неге кимегенсіз, киіп алыңыз» дегенін ешкім елемеді. Содан Мереке Ыбрашқызы апамызды сүйеп төменге түсіріп, оған түсіндіре бастады.
– Үйден шыға салып, оңға бұрыласыз, таяқ тастам жерде дүкен тұр. Міне, соған кіресіз. Дүкеннен шыққан соң басқа жаққа бұрылып кетпеңіз, бірден үйге қайтыңыз, – деген Мереке Жакина апаны дүкенге алып кірді.
Әлеуметтік қызметкерді әбден танып алған дүкенші «басқа да апаға көмектесесіз бе?» деп сұрап қойып, әлгі әжейге қажеттіні тауып беріп, ақшасын қайтарды.
Екеуі аяңдап үйге қарай бет алды. Сөз арасында апамыз өз әңгімесін айта бастады:
– Демалыс күндері немеремдікінде болып қайттым. Күні бойы түк істемедім, үйде отырдым, берген тамағын іштім. Әр жексенбіде әкете ме білмеймін. Кетерінде ештеңе айтпады ғой. Жылап, өзім сұранған кезде әкетпесе, немерем өздігінен алмайтын шығар. Оларға менсіз жақсы ғой, – дейді апа.
Пәтерінде жалғыз қалып, өлуден қорқады
Олардың ішке кіргені сол еді, бағанағы орыс апамыз Мереке Жакинаны Small-ға жұмсады. «Мына көршімнің тамағы жоқ. Мерекеге керегіңді айтып, ақшасын берсең әкеп береді» деді әлгі кемпірге. Сырттан келіп, шешініп үлгермеген қарт әлеуметтік қызметкерге 2 келі картоп, 1 келі пияз, тауық асқазанын тапсырды. 2 мың теңге ақшасын ұстатты. Бір көше жоғарыда орналасқан гипермаркетке жол тарттық.
Әлеуметтік қызметкердің айтуынша, бағанағы пәтерде бәрін жұмсап отырған кемпір – үй иесі. Оның ұлты орыс емес, украиндық екен. Ол 1939 жылы дүниеге келген, есімі – Инга (ред. өзгертуімен). Әуелде отбасы Қарағанды облысы Нұра ауданына қарасты Көбетей ауылына жер аударып, кейін Астанаға сонау Целиноград кезінде көшіп келген. Осы жақта тұрмысқа шығып, екі баланың анасы атанған. Біреуі – дүниеден өткен, екіншісі – шетелде. Жылына бір рет келіп тұрады. Қалада басқа ешкімі жоқ.
– Кемпір үйінің бір бөлмесін өзбек келіншекке жалға беріп қойған. Ал немересінен оралған апа оның қасына жақында келген. Инга апамыз күні бойы үйде жалғыз болған соң қасына серік іздеген. Оның далада қалғанын біліп, үйіне тегін кіргізіп алған. Бірақ ол кісінің кішкене ұмытшақтығы бар, – дейді Мереке Ыбрашқызы.
Әлеуметтік қызметкер Инга апамызға аптасына екі рет, дүйсенбі мен сейсенбі күндері келіп тұрады. Ал сейсенбі мен жұма күндері басқа қызмет алушыға көмектеседі. Әр сәрсенбі сайын жұмыста жиналыс өтіп, қосымша жүктемелер беріледі. Арасында еңбек демалысына шыққан немесе сырқаттанған әлеуметтік қызметкердің орнына алмасып, қызмет алушысына көмектесетіні тағы бар.
– Біз мүгедек пен қарттарға жәрдемдесуіміз керек. Бірақ кейбір қарттарың әл-ауқаты үй тірлігіне жараса да бізге істетеді. Бір жағыңа шығысып, көмектесу деген жоқ. Әлеуметтік қызметте жүргеніме 7 жылдың жүзі болды. Осы уақытқа дейін түрлі адамды жолықтырдым. Өзге қызмет алушыларда не істейтінім белгілі, соны істеймін. Мына кісінің маған жүктелгеніне үш ай өтті, әлі оны түсініп болмадым. Өзі көңіл күйіне қарай құбылады. Мені соған қарай жұмсайды: дүкенге жібереді, кейде шкафты сүрткізеді. Не айтады сонысын істеп беремін, – дейді ол.
Қызығы, қарттарға кез келген картопты сала салуға болмайды. Бәрі біркелкі, орташа көлемдегі картоп терілді. Өлшеп, ақысын да төледі. Үйге оралғанда Инга апа әкелген затты ашып, әлгі картопты бір-бірлеп қарады. Қайтқан ақшаны санап, көзі көрмесе де түбіртекті дауыстатып оқытып алды. 2 келі картоп – 374 теңге, пияздың 1 келісі – 103 теңге. Қайтқан ақшасы – 1 520 теңге. Ал тауық асқазаны болмай шықты. Қарттарың 500 теңге біраз азық келгеніне мәз боп қалды.
Содан кейін ғана бізге көз сүзе қарап, әлеуметтік қызметкерден «мынауың кім?» дегендей кейіп танытты. Мереке «бұл қыз тәжірибеден өтіп жүр» дей бергенде, «орысша білесің бе өзі?» деп тарс ете қалды. «Саспаңыз, біздің қызметкерлер жан-жақты, орыс түгілі немісше сайрайды» деп қойып қалды ол да. Сонымен, қарт бізді өзі жатқан бөлмеге шақырып, бірер минутқа тізе бүктірді. Әлеуметтік қызметкерге келесіде коммуналдық қызметті төлеу керегін еске салды.
– Менде бәрі жақсы. Екеуміз тез тіл табысып кеттік. Мереке өте жақсы, өз қызымдай болып кетті. Қажетімнің бәрін екі етпейді. Енді қайта беріңдер, дем алуым керек, – деді үй иесі Инга.
Пәтерден шыққанда артымыздан есікті ешкім жаппады. Мереке ханымның айтуынша, үй иесі өзі жалғыз пәтерінде өліп қалудан қорқады. Сол себепті ол есігінің ішінен құлып салмайды.
«Жарықты өшір. Шаңсорғышты ұзаққа қоспа...»
Екінші баратын мекенжайымыз – Абылай хан көшесінде орналасқан. Жасы 75-тен асқан зейнеткердің үйі. Өзі Астананың тумасы. Жолдасы – ІІІ топ мүгедегі, төсекке таңылған. Бірақ ол бұл мекемеге қызмет алушы болып тіркелмеген.
Бұл үйдің иесі адамның кешіккенін жақтырмайды екен. Мереке Жакинаның айтуынша, үй иесі оған сағат 10.30-да келуін қалаған. Түнде дұрыс ұйықтамаған сыңайлы. Әлеуметтік қызметкер ертерек келіп-кетсе, көз іліп алу ойын айтқан.
– Ұрысып салмаса болғаны. Ол кісінің кейде сондайы бар. Айтқан уақытында келмесе, ұрсады. Өзінің мызғып алатын да уақыты бар. Осында келерде алдын ала уақытын келісіп алу керек, – деді Мереке Ыбрашқызы.
«Адам жоспарлайды, Алла шешеді» демекші, қоғамдық көліктің екеуін ауыстырып барсақ та белгіленген уақытқа үлгермедік. Украиндық апамыздан сағат 11-лерде шыққан біз ол үйге түске таяу жеттік.
Есікті шашы боялған, тырнағы жасалған, бет-аузын бояп, әдеміленіп алған келіншек ашты. Жасы 80-ге таянған зейнеткер деп ойламайсыз. Өз-өзін күтіп, баптап қалғаны, үй тірлігіне араласпайтыны көрініп тұр.
Әлеуметтік қызметкер кіргеннен кешіккен себебін айтып, ақталды. Соған қарамастан үй иесі қабағын шыта біраз күткенін тілге тиек етті. Мерекенің жанындағы бейтаныстың кім екенін білген соң, өзін Светлана Ивановна (ред. өзгертілді) деп таныстырды. Сырт киімді шешіп, іле бергенімізде жарықты сөндіріп жүруді ескертті. Үй иесінің бұл әдетін білетін әлеуметтік қызметкер жарықты көп қоспайтынын айтып, бірден ісіне көшті. Ол 4 бөлмелі пәтерді шаңсорғышпен сорып, шаңын сүртіп, еденін жуады екен.
Көмекші есебінде жүрген мен де бір жағына шығысып, шаңсорғышты ұстадық. Бес-алты айдан бері істеп жүрген әлеуметтік қызметкердің жұмысын бақыламады. Керісінше, үй ішін шаңсорғышты қосқан көмекшінің ісін қадағалады: жатын бөлмені тазалау үшін шаңсорғыштың тогын дәлізден қосуды дұрыс көрмеді; бұрыш-бұрышта, қуыс-қуыста затқа толы пакеттерді көтертіп, астын тазалатты; әр бөлмедегі жайылған жердегі төсеніштің астын жинатты. Тазаланған төсектің астын қалай тазалау керегін көрсетіп, өзі қайта істеді. Светлана Ивановнаның барлық ескертуі ескерілді дегенде, ақырында «шаңсорғышты ұзақ уақытқа қоспа, тек кілемді не затты көтергенде қосып, қызып кетпеуін қадағала», – деді.
Төсекте таңылып жатқан ер адамның бөлмесін Мереке ханым өзі реттеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, әп-сәтте үйді тазалап бітірдік. Оның айтуынша, бұл кісі әдетте үйін жинатып, қоқысын төккізеді. Ол үйден шыққанда сағат екіге таяп қалған болатын.
– Үйін жинап шыққанша уақыт өте шығады. Қайта бүгін ертерек бітірдік. Светлана Ивановнамен көп сөйлеспейміз, өзі жайында да айта бермейді, – дейді әлеуметтік қызметкер Мереке.
Үйдің кеңдігіне, әсемдігіне қарап, отбасының ауқатты тұратыны байқалады.
Мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істеудің өз қиындығы
«Қай уақытта түстенесіздер?» деген сұрағыма Мереке былай деп жауап берді:
– Негізі келесі қызмет алушыма барып, ісін бітіріп, ертерек үйге қайтуға тырысамын. Алайда түскі уақыт әр кезде әрқалай өтеді. Бір сағатта үйден ішіп келуге үлгермейсің. Күнбе-күн сырттан да іше бермейсің, оны қалтаң көтере бермейді. Арасында үйден тіскебасар алып шығасың не болмаса жол-жөнекей ала саламын. Кейде ештеңе жеместен, ораза ұстап не болмаса су ішіп қана өткереміз, – деген Мереке Ыбрашқызы келесі қызмет алушыға хабарласты.
Оның айтуынша, таңертең бірден осы қызмет алушыға баруы керек болған. Қасында журналистің барын білген ол кездесуді кейінге қалдырған. Өзі – арбаға таңылған, ІІ топтың мүгедегі. Бір қызы бар, ол Алматыда тұрады.
«Негізі дәрісін әкеп, үйін жинап беремін. Көбіне медициналық тексеруге апарамын. Уақытты алатыны сол... жұмыс уақытым сағат 9-да басталады, ал қан тапсыруға 8-де бару керек. Апармай қоймайсыз, уақытынан қалмаймыз. Оның өзі жарты-бір сағатта біте қоймайды. Кей күні сағаттап күтуіміз мүмкін. Бір емес, бірнеше анализ тапсырсақ күні бойы жүріп қаламыз. Ондай кездері басқа қызмет алушылар ауысып, ол кісіге күнімді арнаймын», – дейді ол.
Бұл қызмет алушыға 4-5 жылдан бері қызмет көрсетіп жүрген Мереке оның көпшіл емес екенін сөз етті.
– Өзі кісікиіктеу адам. Кезегін біраз күтіп қалса да мазасызданып кетеді. Таңертең үйден шығарда айналып жүрмес үшін дәріханадан дәрісін алып едім, соны беруім керек. Оның дәріханасы Аманжолов 5-те орналасқан, дәрі-дәрмегін содан ғана ала аламыз. Ал не ішетінін Нәжімеденов көшесіндегі емханада жазып береді. Қайта дәріхана қызметкері мені бұрыннан білгендіктен берді. Онда да ол кісінің рұқсатымен, өзім қолымды қойып аламыз. Әйтпесе, бүкіл жерге оны ертіп жүруім керек. Кеше кешкісін журналиспен баратынымды айтқанмын. Келіскендей еді, таңда келмей-ақ қой деді. Енді өзімнің ғана келуімді өтінді, – деген Мереке соған баратынын айтты.
Айтуынша, төртінші қызмет алушы да осы себеппен оның қызметінен бас тартқан. Әйтпесе, бұл кісілерің ауа райының құбылуына қарасмастан, қыстың аязында да, жаздың ыстығында да жұмыста жүреді. Тіпті, пандемия кезінде де жұмыс істеген.
«Вампир» сыңайлы қызмет алушылар бар
19 жылдан бері Астанада тұрып жатқан Мереке Ыбрашқызы әлеуметтік қызметте жүргеніне 7 жыл болған. Осы уақыт ішінде қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың аумалы-төкпелі мінезіне де үйренген.
– Көпшілікке біздің жұмыс түкке тұрғысыз, барды-кетті боп көруі мүмкін. Әйткенмен, үлкен кісінің тілін табу оңай емес. Мінездері аумалы-төкпелі, құбылып тұрады. Бала секілді алдайсың, қаланың бір басынан бір басына жібереді, барасың. Демалыстың өзінде «жедел жәрдем шақырт» деп хабарласады. Алда-жалда оның туысымен ұрсысып, ренжіскен сәтіне түссек, біз де күйеміз. Өзгеден ала алмаған өшін бізден алуы да мүмкін. Марқұм анам «сүтпен сіңген мінез сүйекпен кетеді» деуші еді, рас екен. Жастығында мінезі ауыр болса, қарттығында ауырлай түседі. Оның ішінде төсек тартып, арбаға таңылғаны қаншама?! Құлағы естімейтін қызмет алушымен жұмыс істеудің өз қиындығы бар. Алдын ала смс жазысып, келісіп алмасаң тағы болмайды. Осының бәрі адамды шаршатады, физикалық тұрғыда емес, моральды тұрғыда шаршайсың. Жалақымыз да соған тұрарлықтай емес. Мысалы, мұғалімдер мен әскерилерге еңбек демалысы 45 күн беріледі емес пе, біздің де жұмыстың ауырлығын ескеріп, еңбек демалысын көбірек берсе екен. Әйтпесе, бір айлық еңбек демалысыңда дем алғандай болмайсыз, – дейді Мереке Жакина.
Әлеуметтік қызметкердің айтуынша, олар қызметі бойынша әл-ауқаты жетпеген жандарға қол ұшын беруі тиіс. Бойында күш-қуаты болса, үй ішінде жақындары болса, ішкі ережеге сай бұларға атсалысуы керек.
– Бас кезде өзіме міндеттемеге жүктелген қарттарға қарап, бұлардың ешкімі жоқ, қиын ғой деп ойлайтынмын. Уақыт өте олардың ағайын-туғаны, туысы, немересі барын байқадым. Дөкей жерде басшылық қызметте отырғандар ата-анасына үй қызметшісін алғаннан гөрі, мемлекеттің халыққа берген игілігін өз пайдасына жаратқанын жөн көреді. Оның үстіне, көзі ашық, тіс қаққан қаланың кемпір-шалдары да өз есесін жібермейді. Жаппай бәрі сондай деуден аулақпын, дегенмен арасында шынымен көмек қажет ететіндер бар, – деді әлеуметтік қызметкер.
Бұған дейін Мереке Ыбрашқызы телеграфта кассир, оператор қызметін атқарған. Балалары кішкентай болған соң 2 жылдай жұмыс істемеген. Кейін соған қарай қолайлы жұмыс іздеп, әлеуметтік қызметке тұрған. Қазір Мерекенің ұлы колледжде оқыса, қызы – 11-сынып оқушысы. Ол өз демалысын бала-шағасымен үй ішінде өткізетінін айтты.
– Біздің жұмыста өз-өзіңнің көңіліңді көтермесең денсаулығың құриды. Әр қызмет алушының сөзін көңілге алса депрессияға түсу мүмкін. Жұмыс тәжірибеміз анау-мынауға мән бере бермеуді үйретті. Дегенмен, «сөз сүйектен өтеді» демекші, бәрібір кей кездері көңілге алып қаламыз. Біз де темір емеспіз, ет пен сүйектен жаралғанбыз. Мысалы, кейбірі «вампир» сыңайлы қызмет алушылар бүкіл күш-қуатыңды сорып алады. Одан шыққанда шаршап, бейне бір он шақты адамға қызмет көрсеткендей сезіледі. Өзім жұмыстағы нәрсені үйге апармауға тырысамын. Ал үйге барғанда тұзды суға түсіп, дем аламын, – дейді Мереке Жакина.
Бірде қызмет алушының бірі Мереке Ыбрашқызына жала жауып, кешірімін сұраған кезін еске алды. Сол уақытта ол 90 жастағы кемпірге көмектесетін. Қазір ол дүниеден өткен.
– Марқұм 4 бөлмелі үйдің жатын бөлмесі мен асүйін ғана жинататын. Бір-бірімізге үйреніп қалғанбыз. Үйіне емін-еркін кіріп-шығып жүре беретінмін. Бір барғанымда зейнетақысын күтіп отырған. Артынан учаскелік полицей маған хабарласып, сол үйде болғанымды сұрады. Апамыз болса «жеке куәлігімді жоғалтып алдым, соны сен алдың» деп бетіме басты. Сасқанымнан «ертең сізге барамын, бәрін анықтаймыз» дедім. Ертеңінде барсам апам «Сен мені кешір, құжатымды таптым» деп өзгеріп шыққан. Сөйтсек өзі білетін пошташы әдеттегідей зейнетақысын үйіне әкеп берген. Толық алғаны жайлы құжатқа қол қойғанда куәлігі жердегі кілемшенің астына түсіп кеткен. Қайта құжаты табылған. Әйтпесе, апамыз менің үстіме арызданбақ еді. Артынан сол үшін тізерлеп тұрып кешірім сұраған. Сол кезде өз қателігін түсінетін адамның болатынын көріп таңырқағаным бар, – дейді Мереке Ыбрашқызы.
Оның айтуынша, әр айдың аяғында есеп өткізеді. Әр барған үйде не істеді, соның бәрін дәптерге түсіреді.
– Күнбе-күн біз дәптер толтырып, қай кезде кімге бардық, онда не істедік, соның бәрін тәптіштеп жазамыз. Оны қабылдарда нөмірленіп, мөр соғылып, айма-ай тігіліп отырады. Артынан дәптерді прокуратура тексереді, – деді ол.
Әр бөлімнің өз меңгерушісі болады. Ал бір бөлімде он адам жұмыс істейді. Қандай да бір сұрақ туындаса, меңгерушінің көмегіне жүгінеді.
Астанада 40 мыңнан аса әлеуметтік қызметкер бар
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылы Астана қаласындағы халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметкердің саны 40 мыңнан асқан. Оның ішінде медицина қызметкерлері, арнаулы педагогтер және әлеуметтік қызметкерлер кіреді. Ал республика бойынша әлеуметтік қорғау саласындағы әлеуметтік жұмыскер саны – 12 598. Соның ішінде 1 259-ы үкіметтік емес секторда жұмыс істейді. Астанада әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жетеу болса, тағы 8-і үкіметтік емес ұйымға жатады. Жекеменшік болса уәкілетті органдар тарапынан бақылауда болады.
«Жоғары немесе арнайы орта білімі, тиісті кәсіби дайындығы мен біліктілігіне қойылатын талаптарға сәйкес, конкурстық іріктеуден өткен әлеуметтік қызметкер 8 түрлі қызмет көрсетеді. Атап айтсақ, олар – әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-еңбек және әлеуметтік-медициналық. Сонымен қатар оларды тағайындау кезінде қызмет алушылардың жасы мен денсаулық жағдайы, ОЖБ (оңалтудың жеке бағдарламасы) мазмұны және олардың қозғалыс белсенділігінің төмендеу дәрежесі мен тұру жағдайлары міндетті түрде (ҚР Әлеуметтік кодексінің 65-бабы 4) тармағына сәйкес) ескеріледі», – деп министрлік сауалымызға жауап берген.
«Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тарихы сонау 1989 жылдан бастау алады. 37 жылдық тарихы бар мекеме сол жылдың 9 наурызында Ташенов көшесінде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арнап ашылған болатын. Бұған келгеннің бәрі бұрынғы Малотимофеевка, қазіргі Аққайың ауылындағы қарттар үйіне түскен. Ал заманауи жабдықталған бас ғимарат 2007 жылы Көкталда іске қосылды.
Қазіргі мекеме басшысы Ардақ Бейсенбайқызының айтуынша, басында әлеуметтік қызметкерлер болмаған. Тек медицина қызметкерлері бар жұмысты алып жүрген. Әлеуметтік қызметкерлер алғаш Көкталдағы мекемеде пайда бола бастады. Яғни, 2011 жылдары штатқа әлеуметтік қызметкерлер алына бастаған.
– Әлеуметтік қызметкерге мекемеде тұратын кісілердің көңіл күйін тауып, өмірін жеңілдету міндеттелді. Әрине, сол кезде қызметке келгендердің арасында түсінбеушілік көп туындады. Яғни, бір жұмыс екіге бөлінді: әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар және әлеуметтік қызметкер деп. Бүгінде жұмыс жүйеленіп, олардың не істеу керегі біліктілік талаптары көрсетілген. Әлеуметтік жұмыс жөніндегі қызметкер мекеме ішіндегі стационар жағдайында талапқа сәйкес 50 адамды қамтуы керек. Таңертең әр бөлмені жүріп өтіп, әрбір ем алушының хал-жағдайын сұрап, түнде қалай өткенін біледі. Олардың ағайын-туғанымен қарым-қатынаста болуы тиіс. Мәселен, шетелдегі бала-шағасынан байланыс үзбей, хат алмасуына, сөйлесуіне көмектеседі.
Сонымен қатар олар көбінесе құжаттармен жұмыс істейді: әртүрлі бағдарламаларға қатысуды, оған құжат тапсыруды реттейді. Әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманның артықшылығы қызмет алушыға көмекті бір өзі емес, психолог, еңбек терапиясының нұсқаушысы, мәдениет жағынан ұйымдастырушы, музыкалық жетекші, медбике, палаталық санитарға дейін атсалысады. Ол әр қарттың денсаулығына байланысты қандай көмек керек, не істеген дұрыс соның бәрін ұйымдастырады. Мысалы, Петрова деген қарттың қолының күші бар болса, саусақтары қатып қалмас үшін еңбек терапиясына жібереді. Әнге әуестігі болса, музыкалық жетекшіге не болмаса психологиялық көмек қажет деп табылса, оны да көрсетеміз, – дейді «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы МКҚК директоры Ардақ Сейітова.
Қариялар дәретхана қағазына таласып қалады
Мекеме басшысы стационар ішінде істейтін қызметкердің өз қиындығын айтты.
Айтуынша, бір қызметкер 8 сағаттық жұмыста 50 адамды қарап үлгермейді. «Біліктілік талабы стационар жағдайында бір қызметкер 8 сағаттық жұмыста 50 адамды қарауы міндеттелген. Алайда физикалық тұрғыда сонша адамға көмектесу мүмкін емес. Ойға қонымды етіп, 25-30 адамға азайтса болар еді. Себебі қызмет алушының бірі жайбасар болса, екіншісінің құлағы нашар естуі мүмкін. Оған түсіндірудің өзі біраз уақытты алады», – деді ол.
– Адам баласына күніге он жақсылық жасап, бір рет жауап қатпай қалсаң, сізден жексұрыны болмай шығады. Сол секілді мекемедегі қызмет алушылар ауылы осыдан алыс емес. Бала секілді бетіңізге күліп қарап, сыртқа шыққанда үстіңізден прокуратураға шағымданып кетуі мүмкін. «Мені қорқытты, үркітті, ақшамды алып қойды, тамақ дұрыс бермеді» деп құқық қорғау органдарына баратыны тағы бар. Тамақты берген күнде де тамақ ішпедім деп шығады. Дәретхана қағазын бергеннің өзінде, «маған біреу, көршіме екеу берді» дейтіні бар. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, мекеме ішінде адамның дауысына дейін жазатын 242 камера орнаттық. Қызмет алушыларымызды бір жағынан сырқаты жанына батып, ашулы келеді. Енді бірі уақытының бостығынан тырнақ астынан кір іздейді. Ештеңеге көңілі толмай жатады. Бөлмесіне кірмесеңіз де, кіріп, амандассаңыз да жақтырмауы мүмкін. Бәріне сабырлық танытып, төзімділікпен тіл табысуға тырысамыз. Неде болса осының ішінде қызметкермен мәселені бірлесе шешеді. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» дегендей, кейде бір-бірімізге сілтейміз де, шын мәнінде де ол адам өзімен-өзі қап жатады. Бұл – адами процесс, – дейді Ардақ Бейсенбайқызы.
Егер де қызмет алушы құжатқа байланысты заңгерге жолығуы тиіс болса, мекеме қызметкерлері оны алып жүреді.
– Олар өздігінен мекемеден шығып кете алмайды. Мәселен, картасын ауыстыратын болса, мен алдымен сенімхат жазып беремін. Қызметкердің бірі оны банкке апарып, банкомат картасын ауыстыруына көмектеседі. Ал зейнетақысын осы жерден де шешіп ала алады. Бізге түскендердің басым көпшілігінде үй жағдайы болмайды. Болса да ағасына, туысына жазып келеді. Өмірден өткенінде соның бірі іздеп келсе, бірі келмейді де. Жалпы, қызмет алушылардың үй-жайын басып қалу бізде болған емес, – деді ол.
Осы мекемеде 11 жылдан бері қызмет етіп, басшылық қызметке дейін көтерілген Ардақ Бейсенбайқызы қарттарға үйренгені соншалық, ұзағынан көрмесе сағынатынын айтты.
«Мал аласы сыртында, адамның аласы ішінде» дегендей, 11 жылда талай нәрсені өткердік. Бірақ өзіме бұл ісім ұнайды. Еңбек демалысын толығымен алып кетсек, қатты сағынып, қарияларымды көруге аңсап кетемін. Қариялардың өзіне тән иісі бар, жырақта жүрсең соны да сағынасыз», – деді ол.
Орталықта адвокат та, ғалым да, ғылым кандидаты да, полковник те бар
«Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 345 адам тұрады, әрқайсының өзіне тән мінезі бар.
– Біреуін осында өмір әкелсе, енді бірі қателесіп келген. Тағы біреуі тағдырдың тәлкегімен түссе, екіншісі түрмеден кейін барар жері болмаған соң паналаған. Олардың араларында өте білімді кісілер бар: мектеп директоры, судьяң да, адвокатың да, ғалымың да, ғылым кандидаты да, полковник пен подполковнигі де бар. Ал басшылық қызметте, әскери салада істеген жандардың бұйыра сөйлейтін әдеті бар. Оны біреу түсінсе, бірі түсінбейді. Не де болса бұл жерді тағдырлар тоғысқан жер деймін. Яғни, 345 адам – 345 кітап, 345 тағдыр. Мысалы, білім саласына бүкіл өмірін арнап, қартайған шағында жалғыз қалғаны көңіліңе кірбің түсіреді. Жеті жылдай университетте сабақ берген жан ретінде жақсы түсінемін. Бір ұл, бір қызы болған. Қызы қайтқан соң іше бастаған, ұлынан айырылғаннан кейін ішімдікке басымен кеткен. Әйелі дүние салғанда бізге келді. Тағы бір қызмет алушыны тағдыр әкелді: Ақмоланың кезінде мемлекеттік айыптаушы болып, қартайған шағында бізді пана етті. Мұнда сотталып, жазасын өтеп келгендер де бар. Міне, солар әлгі кісіге «кезінде бізді темір торға тоғытып едің, енді қазір бізбен бірге бір дастарқан басындасың» деп бетіне баспады емес, басты. Өзінің денсаулығына байланысты екі айдан кейін көзі көрмей қалды. Осындай тағдырлас жандар көп, – деді ол.
Мекемедегі ең үлкен қария 1925 жылы 13 қаңтарда дүниеге келген. Биыл, яғни 2026 жылы ол 101 жасқа толады. Ұлы да, немересі де қайтыс болған. Қазір шөбересі келіп тұрады. Қызмет алушының ең жасы – 32 жаста, туабіткен мүгедектігі бар. 18 жасында балалар үйінен шыққан соң осында түскен.
Айтуынша, 101 мен 32 жастың айырмашылығы жер мен көктей, екі әлемнің таным-түсінігі де екі түрлі. Мысалы, бір бөлмеде екі адам тұрады. Ал оған түрмеде отырып шыққан мен құқық қорғау органдарында істегендер бір бөлмеге қойылмайды. Сол секілді өмір бойы ұстаздық еткен жан мен тұрғылықты мекені болмай, бас сауғалаған адам бірге тұрмайды. Тіпті, жас айырмашылығына да мән беріледі.
67 жастағы ата қайта үйленіп, ұлды болды
Әр бөлмеде теледидар, тоңазытқыш, душ, санузел, лоджы, жатын орны бар. Арасында бір адамдық бөлмелер де қарастырылған. «Бір бөлмелікте Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен сол дәрежеге теңестірілгені тұрады. Оның үстіне, олардың қатары азайып барады. Осында 10 шақты адам тұрады. Аула сыпырушы, бақташыға аз айлық бөлінген. Бұған ешкім келмегендіктен, бұл қызметке өз аталарымызды алдық. Соған сай оларға жеке бөлмені бердік», – дейді мекеме басшысы.
Орталыққа жалғызбасты боп келгеннің артынан отбасы құрғаны да жетерлік екен. Ондай отбасының саны 18-ге жетіпті. 2024 жылы 1982 жылғы келіншек 67 жастағы атамызбен көңіл қосып, отбасын құрған. Сол кезде қалалық Тұрғын үй басқармасы қаладан бір бөлмелі пәтер берген.
Айтуынша, кейіннен қаланың меценаттары қаладан екі бөлмелі пәтер сыйлаған. «Екеуі сәбилі болып, қазір ұлы ер жетіп, 2 жасқа келді», – деді «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы МКҚК директоры Ардақ Сейітова.
– Қарттардың арасында үлгі алып, үйренеріміз де бар. 88 жастағы екі аяғы амплутацияланған әжеміз бар. Жастайында әке-шешесі дүниеден өткен. Екі рет тұрмысқа шығып, екі жолдасын да жерлеген. Екі ұлы мен келіндерінен де айырылған. Соған қарамастан арақ ішіп, темекі тартып кетпей, әйелдік қасиетін сақтап, ибалығынан таңбаған. Бізге әрдайым ақылын айтып, жол көрсетіп отырады. «Қарттықтан қорықпа, қарттықтың келмей қалатынан қорық» дегендей әдемі қартая білу де өнер. Тағы бір қызмет алушы бар: 1976 жылғы, тек құрылғымен тыныс алады. Өздігінен демалудан қалған. Ол өмірінің әр минутын арпалыспен өткізуде. Сонда да ол инклюзияға қатысты «супер бабушка», «супер дедушка» деген байқаулардың негізін қалаушы. Осындай жандарға қарап, қалай үлгі алмайсыз. Сол себепті әрбір қарттың өскелең ұрпаққа айтары да, берері де бар, – дейді Ардақ Сейітова.
Орталық басшысы мекемедегі қызмет алушының бірде-бірі балаларына шаң жуытпайтынын айтты. «Қарттарың ешқашан бала-шағасын жамандамайды. Қанша ауыр болса да іштей күтеді, үміті үзілмейді. Басым көпшілігі жары өмірден өткен соң келінге де, балаға да сыймайды. «Балам өмірден өткен соң, өз өміріңді жалғастыр» немесе «Қызымнан айырылғаннан кейін күйеубаланың қолына қарағым келмеді» деп баласына масыл болмауды ойлайтын қария көп», – деді ол.
Әлеуметтік қызметкердің жалақысы – 180 мың теңге
Оның айтуынша, әлеуметтік қызметкер қаладағы жалғызбасты ата-әжелер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға аптасына үй жағдайында екі рет көмек көрсетеді.
– Олар аптасына екі рет барып, көмектесуіне екі сағат беріледі. Сол екі сағаттың жарты сағаты А нүктесінен Б нүктесіне жүретін жолға есептелген. Онда бір өзі болған соң бәрін өзі істейді: қартты ауруханаға апарады, дәрі-дәрмегін алады, үйін тазалайды. Бір жарым сағат ештеңеге жетпейді. Сондықтан әлеуметтік қызметкердің жүктемесі өте ауыр, психологиялық тұрғыда да қатты сыналады. Ал олардың жалақысы бар-жоғы – 180 мың теңге. Сол себепті де бізде үй жағдайында көмек көрсететін әлеуметтік қызметкерлер жетіспейді. Қызметке келмейді емес келеді, бірақ ұзаққа бармайды. Біраз жұмыс істеген соң шаршап, кетіп жатады. Әрине, қосымша денсаулығына төлем төлеп, бір айлық демалысы беріледі. Бюджетіміз үнемделсе жылына 2-3 рет сыйақы беруден де қашпаймыз. Әйтеуір, мақтанышымыз, оларды жол күреуімен қамтамасыз етеміз. Енді олар автобустан автобусқа мінгенде өз қалтасынан төлемейді, – деді ол.
Үйінде әлеуметтік қызметкердің көмегін алып жатқан қызмет алушының саны – 640. Бір әлеуметтік қызметкерге 8 адам бекітілген. Бес күннің ішінде әрбірі өз жүктемесін толығымен орындайды. Оның әрқайсысы бір күнде 4 адамды қамтиды: түске дейін екеу, түстен кейін екеу. Егер қызмет алушы жер үйде тұрса, әлеуметтік қызметкердің жүктемесі 6 адамға азаяды.
– Менде 8 бөлім бар, оның ішінде 81 әлеуметтік қызметкер мекемеге келмей жұмыс істейді. Бірден таңғы сағат 9-дан жұмысын бастап кетеді. Олардың жұмысы өте ауыр. Қаланың бір басынан екінші басына жетудің өзі оңай емес. Сондықтан біз әр қызметкерге жақын маңдағыны бекітуге тырысамыз. Әлеуметтік қызметкерді алар кезде оның жасына, қабілетіне, қасиетіне қараймыз. Бастысы, ол – мейірімді, жүрегі ашық, өзінің мен дегенінен аттап, ренжітсе де сөз қайтармай, күле білуі керек. Олар дүңк етіп сөйлеген қызметкерді жақтыра бермейді. Кей адамға қанша жақсылық жасаса да, оның жұмысына көңілі толмайтыны тағы бар. Үй жағдайындағы әлеуметтік қызметкерлер көңілімнен кеткен емес, әрдайым алаңдап отырамын. Біріншіден, олар жападан-жалғыз. Ол жақта не болатыны бір Аллаға аян. Кейде қызмет алушы жаны ашып, бір жарым сағаттан көп жүріп қалуы мүмкін. Әйтпесе, оны да үйінде анасы, күйеуі, бала-шағасы күтіп отыр. Сол үшін әрдайым олардың үйіне аман-есен жетуін тілеймін. Өзіміздің ортақ чатымыз бар. Күнде күніміз «қайырлы таңмен» басталады. Арбаға таңылған жандарға аптасына бір емес, үш рет барамыз, – дейді мекеме басшысы.
Әлеуметтік қызметкерді кейбірі үй қызметшісіндей көреді
Ардақ Сейітова соңғы кезде әлеуметтік қызметкердің көмегіне жүгінген қарттардың жасы жасарғанын сөз етті.
– Көбісі өмірін қызметіне арнаған, кейбірі отбасын да құрмаған. Арасында көзі ашық, оқыған, білімді мен оқымаған жандарың да бар. Екеуінің деңгейі екі бөлек. Қызметкерлеріміз өз міндетіне кірмейтін де жұмысты істеген күндері бар. Мәселен, қағаз бойынша мұқтаждық санатын көрсетеді. Ал үйінің аумағы 200 шаршы метр ат шаптырымдай жер. Сондай баспананы бір жарым сағатта жинап шығу мүмкін емес. Не болмаса біздің қызметті клинингтік компания көретініне не дейсіз?! Бірер сағат бұрын апамыз қонақ шақырып, соғым басын берген. Сөйтіп, біздің қыздар баратын уақытқа жуатын ыдыс-аяқты үйіп қояған. Міне, қызметімізді осылай пайдаланатыны көңіліңе кірбің түсіреді. Оған қоса, қазір қарттардың жасы жасарған. Жасы 63-ке келген соң «үй күтімі қажет» деген қағазын өткізген. Біз барсақ, әжеміз бізден ширақ, пысық боп шығады, – дейді «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры.
Мекеме басшысының айтуынша, соңғы кезде министрлік тарапынан жаңадан бағдарлама енгізілуде. Бірақ оның пайдасынан гөрі, кемшін тұсын ескеру керегін жеткізді.
– Соңғы бір-екі айда әлеуметтік қызметкердің шынымен жұмыс істеп жүргенін бақылау мақсатында 2GIS қосылып, оның қызмет алушының мекенжайына барған-бармағанын көрсетеді. Алайда бағдарлама әлеуметтік қызметкер қызмет алушының үйіне барғанда ғана қосылады. Алда-жалда қызмет алушы сырқаттанып, ауруханаға түссе, оның тамағын апарып беруі, дәріханадан дәрісін алуы әлгі бағдарламада көрсетпейді. Соның салдарынан олардың істеген ісі есепке алынбай қалады. Осы олқылықты өз тарапымыздан ескерттік, министрлік те оны ескерді. Енді бәрі уақыт еншісінде, – деді ол.
Әлеуметтік қызметкердің адамды таңдауға құқығы жоқ. Дегенмен, екі адамның үйлесін таппай жатқанын байқасақ, ауыстырамыз. Тіл табыса алмаса да жазбаша түсініктеме беріп, мән-жайын түсіндіруі тиіс. Кейде қызмет алушылардың кейбірі «орысша білмейтінді неге алдың?» деп жатады. Қазақша түсініп тұрғанымен, сізге қазақша жауап бере алмайтын қазақтар бар.
Оның айтуынша, ауылдағы мен қаладағы әлеуметтік қызметкердің бәрі бір талапқа жүгінеді. «Бәріміздің сүйенетініміз – бір Әлеуметтік кодекс. Айырмашылығы қалалықтан гөрі ауылдағы әлеуметтік қызметкердің жалақысы жоғары келеді. Өйткені оларға ауыл квотасы қосылады», – деді Ардақ Сейітова.