«Атыраулық хакерге» халықаралық іздеу жарияланды

Бұл ақпаратты Өңірлік полиция департаменті ресми түрде растады.

Атырауда өзін «хакермін» деп таныстырып, резонанс тудырған тың мәлімдемелер жасаған азаматқа халықаралық іздеу жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Бұл ақпаратты Өңірлік полиция департаменті ресми түрде растады. Полиция мәліметінше, әлеуметтік желіде «Атыраулық хакер» лақап атымен танылған ер адам алаяқтық фактілері бойынша күдікке ілінген. Қазіргі уақытта ол Интерпол желісі арқылы халықаралық деңгейде іздестіріліп жатыр. Алдын ала деректерге сәйкес, күдікті Қазақстан аумағынан тыс жерде жасырынған.

Аталған азамат Атырау облысындағы бір отбасының жоғалуына қатысты өз «зерттеуін» жүргізгенін айтып, әлеуметтік желілерде бірқатар бейнежазба жариялаған. Онда ол қаза тапқан ерлі-зайыптылардың күйеубаласын басты күдікті ретінде көрсетіп, түрлі елдермен байланысты нұсқалар ұсынған.

Бұл видеолар Instagram желісінде кеңінен таралып, көпшіліктің назарын аударған. Бірақ Атырау облыстық Полиция департаменті бейнематериалдардағы мәліметтердің барлығы шындыққа жанаспау мүмкін екенін мәлімдеді. Құқық қорғау органдары оқиғаға қатысты барлық дерек ресми жедел-іздестіру және тергеу шаралары барысында, әлеуметтік желіде жарияланбас бұрын анықталғанын атап өтті.

 

«Аталған тұлғаға қатысты бұған дейін алаяқтық фактілері бойынша төрт қылмыстық іс тіркелген. Қазіргі уақытта бұл істер бойынша тергеу жалғасып отыр. Ол заң аясында іздеуге жарияланды», – деді полиция өкілдері.