Мемлекет басшысы Қазақстандағы орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Сергей Пономаревті қабылдады. Президент – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жалпыұлттық бірегейлікті одан әрі арттыру, ел бірлігін нығайту, өскелең ұрпақты отаншылдық рухында тәрбиелеу бағытында Қауымдастықтың атқарған қызметі туралы мәлімет берілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Сергей Пономарев ұлтты ұйыстыратын фактор ретінде мемлекеттік тілді насихаттаудағы славян ұйымдарының жұмысы туралы баяндады. Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытудың 2030 жылға дейінгі «Бірлігіміз – әралуандықта» тұжырымдамасын іске асыру аясындағы Қауымдастықтың биылға арналған жоспарын таныстырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев этносаралық келісім мен бірлік мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі саналатынын атап өтті. Президенттің пікірінше, әділдік пен баршаға тең мүмкіндік жасау – Әділетті Қазақстанның негізгі қағидаты. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның құрамына кіретін ұйымдар барлық этнос өкілдерінің арасында ортақ құндылықтарды қазақстандық патриотизм негізінде насихаттауға жан-жақты ықпал етуге ден қояды.