Парламенттік реформа: 600-ден астам ұсыныс талқыланған бесінші отырыс өтті

Жиында Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан азаматтардан, сарапшылардан және қоғам белсенділерінен келіп түскен ұсыныстар жөніндегі аралық ақпаратты бөлісті.

Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бесінші отырысы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жиында Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан азаматтардан, сарапшылардан және қоғам белсенділерінен келіп түскен ұсыныстар жөніндегі аралық ақпаратты бөлісті. Былтыр қазан айынан бері e-Otinish және eGov платформаларындағы «Парламенттік реформа» арнайы бөлімі арқылы халық арасынан, сарапшылар қауымдастығынан және қоғамдық бірлестіктерден 600-ге жуық ұсыныс жинақталған. Атап айтқанда, «Байтақ» партиясы, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы, Республикалық адвокаттар алқасы, «Toqtamys» адвокаттық қауымдастығы, Халықаралық арбитраж және медиация палатасы, Парламентаризмді дамыту қоры, Қазақстандық татарлар мен башқұрттар конгресі, Экономикалық саясат институты, «Азаматтық бастама» бастамашылық тобы және басқа да ұйымдар өз ұсыныстарын білдірді. Бұған қоса құқықтанушы ғалымдар сарапшылық ұсынымдарын жолдап, белсенділік танытуда.

Сонымен қатар Парламентаризм институтының директоры азаматтар мен қоғамдық бірлестіктерден парламенттік реформадан бөлек, конституциялық реформаға қатысты да бастамалар түсіп жатқанын жеткізді.

Жұмыс тобы жетекшісінің орынбасары – Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев Парламенттің Үкіметті, Конституциялық Сотты, Жоғары аудиторлық палатаны, Орталық сайлау комиссиясын және басқа да мемлекеттік органдарды жасақтауға қатысуын реттейтін конституциялық рәсімдердің жалпы тәсілдері туралы айтты. Бұл тәсілдер Жұмыс тобы мүшелері мен саяси партиялардың ұсыныстары негізінде әзірленген.

Жұмыс тобының мүшелері қатарынан Марат Шибұтов, Азат Перуашев, Елнұр Бейсенбаев, Серік Егізбаев, Магеррам Магеррамов, Айдарбек Қожаназаров, Марат Башимов, Нұрлан Бекназаров, Индира Әубәкірова, Үнзила Шапақ, Алуа Ибраева, Бөріхан Нұрмұхамедов, Лейла Жақаева, Виктор Малиновский, Ерлан Сәрсембаев, Айдос Сарым, Қарлығаш Жаманқұлова өз идеялары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Жиын соңында Жұмыс тобының жетекшісі – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин конституциялық реформа бойынша түпкілікті тәсілдерді әзірлеу үшін келіп түскен ұсыныстардың барлығын жинақтап, жан-жақты зерделеуді тапсырды.

Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы 2025 жылғы 8 қазанда Мемлекет басшысының өкімімен құрылды. 14 қазанда Жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Екінші отырыс – 2 желтоқсанда, үшінші отырыс – 29 желтоқсанда, төртінші отырыс 2026 жылғы 9 қаңтарда ұйымдастырылды.