Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желіде жаңалығын жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Депутат ойлана келе, өзінің YouTube-арнасын ашқанын мәлімдеді. Мақсат – заңдарды азаматтарға түсінікті әрі қарапайым түрде жеткізу.
«Үш жыл бойы ой елегінен өткіздім, әріптестермен талқыладым, барлық тәуекел мен мүмкіндікті сараладым. Нәтижесінде нақты тоқтамға келдім: биылдан бастап өз YouTube-арнамды қолға алып, қалың көрерменге тиісті контент ұсынбақпын. Бұл арнаның негізгі мақсаты – заңдарды азаматтарға түсінікті әрі қарапайым түрде жеткізу. Яғни жаңа заң жобалары не үшін қажет, олар адамдарға қандай пайда береді, қабылданған нормалар іс жүзінде қалай жұмыс істейді – осының бәрі арнада ашық айтылады» - деді Асхат Аймағамбетов.
Айтуынша, арнада архивтік материалдар да жарияланады.
«Тек заң шығару туралы ақпаратпен шектелмейміз:
1. Қабылданған заңдардың орындалу барысы;
2. Партиялық бағдарламалар аясындағы жұмыс;
3. Өз тәжірибем негізінде салалық сараптамалар да қамтылады.
Тақырыптарды жан-жақты талқылау үшін сарапшылар мен арнайы қонақтарды шақыру жоспарда.
YouTube-арнамен қазір де таныса аласыздар. Онда бірқатар архивтік материалдар бар. Алдағы уақытта жаңа контент тұрақты түрде көрерменге жол тартпақ. Арнаға жазылыңыздар. Күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді бірге талқылайық», - деді депутат.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.