Білім беру ұйымдарында «Заң және тәртіп» құқықтық сауаттылық айлығы басталды

Бұл іс-шара білім алушылар арасында құқықтық мәдениетті көтеру, құқықбұзушылықтардың алдын алу және құқыққа деген құрметті қалыптастыруға бағытталған.

Қазақстанда 8 қаңтардан бастап «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Заң және тәртіп» құқықтық сауаттылық айлығы өтуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оған еліміздегі барлық білім беру ұйымдарының оқушылары мен колледж студенттері қатысуда.

Айлық аясында заң нормаларын түсіндіру, құқықбұзушылықтың салдары туралы ақпараттандыру бағытында білім беру ұйымдарында түрлі кездесулер, дәрістер, дөңгелек үстелдер, тренингтер және өзге де іс-шаралар ұйымдастырылады. Өткізілетін шаралар барысында уәкілетті органдардың өкілдерімен бірге білім алушыларға құқықбұзушылық түрлері мен оған қатысты жауапкершілік туралы кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Қоғамда құқықтық тәртіп пен заң үстемдігін нығайту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осы орайда Қазақстан Үкіметі қоғамда "Заң және Тәртіп" қағидатын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы бекіткен болатын. Құқықтық сауаттылық айлығы аясында ұйымдастырылатын іс-шаралар тұжырымдамада қарастырылған міндеттердің практикалық іске асуының бір бөлігі болып саналады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.