Әлеуметтік желіде кішкентай қыз баланың Денсаулық сақтау министріне жазған хаты көпшілікті толқытты. «Анам оралмай қала ма деп қорқамын!» – дейді жасөскін. Бұл хат жаһанды жайлаған пандемиямен арпалыстың алдыңғы шебінде жүрген ақ халатты абзал жандар қызметінің қиындығын және маңызын қатар аңғартады. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа өтінішпен қайырылған 13 жасар қыз баланың анасы дәрігер екен және қазіргі қауырт шақта COVID-19 инфекциясына шалдыққандарды емдеу үшін тәулік бойы жұмыс істеуде. Шешесі қызының туған күніне де келе алмапты. Әлеуметтік желілерде тез тарап, танымал болған хатта қыз бала анасының тағдырына алаңдайды.
«Құрметті Елжан Амантайұлы! Менің анам Әсем дәрігер болып қызмет атқарады. Төтенше жағдай енгізілгелі анам тәулік бойы жұмыс істеуге көшті, көбіне үйге келе алмайды. Кеше менің туған күнім болды, 13 жасқа толдым. Бұл күні қатты тұнжырадым, өйткені жанымда ең жақын адамым – мамам болмады. Мен оның маңызды және қайырымды іспен айналысып жатқанын білемін. Бірақ онымен қашан қайта табыса алатынымды білмеймін. Анам үшін қатты қорқамын. Ол ауырып қалады деп қорқамын. Анам қайта оралмаса не істемекпін» деп қамығады Раида.Ол министр Е.Біртановтан бұдан былай ешкім де ауырмауы үшін қолдан келгеннің барлығын жасауды және дәрігерлерді тезірек үйіне қайтаруды өтінеді: «Бұл мен үшін ең үлкен сыйлық болар еді», – дейді жасөспірім. Коронавируспен күресуші медицина мамандарының зор еңбегін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше атап өткен болатын.
– Коронавирусты анықтау, науқастарды емдеу және вирустың одан әрі таралмауы үшін аянбай еңбек етіп жатқан дәрігерлерге алғыс айтамын. Үкімет осындай қызметкерлерге сыйақы беру шараларын қабылдайды деп мәлім етті Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев 17 наурызда Twitter парақшасында.19 наурызда Нұр-Сұлтан қаласының кіреберісіне Жібек жолы ауылы маңына қойылған №6 бақылау-өткізу бекетіне барып, оның жұмысымен танысқан Қасым-Жомарт Кемелұлы медицина қызметкерлерінің қызметіне қошемет сөзін арнады. Еліміздегі медицина қызметкерлерінің пандемияға қарсы күрестегі ауыр еңбегіне назар аударған Мемлекет басшысы оларға ризашылығын білдіріп, еңбекақылары мен сыйақыларын уақытылы әрі толық көлемде беруді жүктеді. Анықталғандай, індетпен күреске тартылған ауруханалар өз қызметкерлеріне сыйақы төледі. Ол әр жерде әртүрлі болыпты, 1-2 айлық еңбекақы көлемін құраған. Әйткенмен, сыйақы кейбір қашықтан жұмыс істеуге көшірілген және жыл сайынғы демалыста жүрген қызметкерлерге де аударылған екен. Яғни, індетпен күресу-күреспеуі – ынталандыруда басты өлшемшарт болмағанға ұқсайды.
«Олар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келеді. Әрбір палатада арнайы желдеткіш жүйесі орнатылған, бұл стационардағы адамдар арасында инфекцияны өзара жұқтыру мүмкіндігін болдырмайды. Дәрігерлердің жұмысы өте жауапты. Көп адамның тағдыры дәрігерлеріміздің қолында. Өз атымнан және қала тұрғындарының атынан ауыр әрі қажырлы еңбегі үшін дәрігерлерімізге алғыс айтамын!», – деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.Ол медициналық ұйымдар қажетті дәрі-дәрмектермен, қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілгенін мәлімдеді. Дәрігерлердің айтуынша, туындаған тапшылыққа байланысты әр дәрігерге күніне бір маска ғана берілген дерек те кездесіпті. Сондай-ақ карантин жарияланған алғашқы күнде басшылар осы іске тартылған қызметкерлерін үйлеріне жібермей, тәулік бойы аурухана аумағында қалуды және кез келген уақытта шұғыл шараларға даяр болуды талап еткен көрінеді. Әйтсе де, кейінірек үйлерінде жас сәбилері бар дәрігерлер мен мейірбикелерге үйіне түнеуге баруына рұқсат етілген. Дәрігерлерді қажетті заттармен, қорғаныс құралдарымен, дәрі-дәрмекпен қамту үшін жетекші компаниялар, инвесторлар қаржы бөліп жатыр. Үкімет те өз резервінен бұған қаражат бағыттады. Дегенмен ақ халатты мамандарды сыйақымен ынталандырудың жеке жүйесі болғаны жөн. Мысалға, көрші Ресейде Үкімет төрағасы Михаил Мишустин вице-премьер Татьяна Голиковаға және қаржы министрі Антон Силуановқа өз өмірі мен денсаулығын тәуекелге тігіп, COVID-19 кеселімен күресіп жатқан дәрігерлерге сыйақы беруге арналған бөлек қор құруды жүктеді.
Айхан ШӘРІП