Семейлік батыр Ұлттық ұлан қатарына қосылды

Қазіргі уақытта ол Курчатов қаласында орналасқан 3514 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жатыр.

Диас Тәңірбегеновтің есімі Семей қаласының тұрғындарына жақсы таныс. Өткен жылдың 11 сәуірінде жас жігіт көпқабатты тұрғын үйде болған өрт кезінде ерлік пен жанқиярлық танытып, жалын шарпыған пәтерден көршісін құтқарып қалды. Көрсеткен батылдығы үшін ол Төтенше жағдайлар министрлігінің «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

 Өрт кезінде көмек сұраған айғайды естідім. Жақында инсульт алып, дәрменсіз күйде жатқан көршім бірден есіме түсті. Сулап алған футболкаммен ауыз-мұрынымды сонымен тұмшалап, қою қара түтін шарпыған пәтерден оны алып шықтым. Одан кейін көшедегі су құбырына шланг жалғап, өртті өшіруге тырыстым. Бірақ судың қысымы әлсіз болғандықтан, өртті өшіре алмадым. Көп ұзамай өрт сөндірушілер келіп, өртті сөндірді, — дейді қатардағы Диас Тәңірбегенов.

Жақында семейлік батыр Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы қатарына шақырылды. 

Диас өзін бұрыннан-ақ жауапкершілігі жоғары, қоғамдық оқиғаларға бейжай қарамайтын жас ретінде таныта білді. Азаматтардың қоғамдық қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ететін құқықтық тәртіп әскері қатарында ол алдағы уақытта да қырағылығын арттырып, кәсіби қасиеттерін жетілдіруді көздейді.

Жас сарбаз белсенді спорттық өмір салтын ұстанады және қызмет барысында дене дайындығы деңгейін көтеруді, әскери тәртіп пен жауынгерлік дағдыларды меңгеруді жоспарлап отыр. Қаруластары ерлігімен елге танылған адаммен қатар қызмет ету мақтаныш екенін айтады.

 Менің ойымша, Диас айналасына қамқор жан. Сондықтан да ол осындай батыл әрекетке бара алды. Ол ең алдымен көршілерінің қауіпсіздігін ойлады. Қиын сәтте арқасын тосып, қасыңнан табылатын азаматпен бірге қызмет ету біз үшін үлкен мәртебе,  деді қатардағы Диас Түсупов.

Диас қызмет ететін әскери бөлімде шамамен 40 сарбаз стратегиялық маңызы бар мемлекеттік нысандарды күзетеді. Қазіргі уақытта жаңадан шақырылған сарбаздар жас жауынгер курсынан өтуде, курс аяқталғаннан кейін әскери ант қабылдау рәсімі өтеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.