Иордания Корольдік сарайында қазақ-иордан қарым-қатынастары талқыланды

Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі елшісі Талғат Шалданбай Иордания Корольдік сарайының Саяси мәселелер жөніндегі департамент директоры Моаз Аз-Зубимен кездесті.

Кездесу барысында тараптар екі ел басшыларының өзара ресми сапарлары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру тұрғысында екіжақты қатынастардың жағдайы мен даму перспективаларын, сондай-ақ Қазақстан мен Иордания арасындағы көпқырлы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Сонымен қатар Астана мен Амманның халықаралық сахнадағы бастамаларын қолдау және халықаралық ұйымдар аясында толыққанды диалог орнату маңыздылығы аталып өтті.

М.Аз-Зуби қазақ тарапына екі елдің бастамаларын сыртқы саясатта ілгерілетуге қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді. Бұған қосымша, ол 2025 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Амман қаласына (ақпан) және Иордания Королі Абдалла II-нің Астана қаласына (тамыз) ресми сапарлары екі ел арасындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашқандығына назар аударды.

Елші Қазақстанның иорданиялық тараппен өзара тиімді серіктестікті нығайтуға мүдделі екенін атап өтіп, Астананың Амманмен толық форматта ынтымақтастық орнатуға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ елшілік екіжақты қатынастарды жандандыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға жәрдем көрсетуге дайын екенін растады.

Кездесу қорытындысы бойынша, тараптар тұрақты байланыстарды жалғастыруға және Қазақстан мен Иордания арасындағы диалогты кезең-кезеңімен нығайтуға бағытталған нақты шараларды бірлесіп әзірлеуге өзара қызығушылық білдірді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.