Астанада интернет арқылы алаяқтық жасаған 20 жастағы қала тұрғынына үкім шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ол танысуға арналған Tinder қосымшасына әйел адамның атымен «Нұрай» деп тіркеліп, өзінің Telegram аккаунтына сілтеме қалдырған.
Telegram-да бейтаныс қыздың суретін қойып, жалған парақша ашқан. Содан кейін жәбірленушімен тілдесіп, кездесуге уәде беріп, әртүрлі сылтаулармен одан ақша сұрай бастаған.
Қаскөйдің арам пиғылынан бейхабар жәбірленуші үш айға жетпейтін уақыт ішінде 4 миллион теңгеден астам қаржысын аударған.
Сот айыпталушыны ақпараттық жүйе пайдаланушысына қатысты ірі көлемде жасалған алаяқтық үшін кінәлі деп таныды.
Қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар – жасаған ісіне шын өкінуі, келтірілген мүліктік залалды өз еркімен өтеуі және ауырлататын мән-жайлардың болмауы ескеріле отырып, сот үкімімен оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді.
Интернеттегі сенім үлкен шығынға әкелуі мүмкін. Виртуал «таныстардың» арбауына түспеуге және сақ болуға шақырамыз.