Шымкент қаласында 21 жастағы қыздың өліміне қатысты қозғалған қылмыстық істің тергеу барысы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің бақылауында, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Полиция қызметкерлерінің әрекетіне байланысты қызметтік тексеру басталып, күдікті қамауға алынды.
ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, қоғамдық кеңістікте жарияланған ақпараттар мен Шымкент қаласы полиция қызметкерлері тарапынан дер кезінде шара қолданылмауы мүмкін деген барлық уәж бойынша қызметтік тексеру тағайындалған.
Қазіргі таңда күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Іс бойынша тәжірибелі қызметкерлерден құралған арнайы тергеу-жедел тобы құрылды. Тергеу барысында күдіктінің барлық әрекетіне заң аясында құқықтық баға берілетін болады.
Сонымен қатар жедел-тергеу шаралары жалғасып жатыр. Барлық келіп түскен мәліметтер жан-жақты тексеріліп, бейнебақылау камераларындағы жазбалар мұқият зерделеніп жатыр.
Ішкі істер министрлігі кез келген қатыгездік фактілеріне қатысты принципті әрі ымырасыз ұстаным сақтайтынын және кінәлі тұлғаның заң талаптарына сәйкес міндетті түрде жазалануы үшін барлық қажетті шара қабылданатынын мәлімдеді.
Еске салайық, 11 қаңтар күні Шымкент қаласында көпқабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылған. Куәгерлер марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын хабарлады.