Өзін қоғам белсендісі деп таныстырған блогер Түркістан облысында ұсталды

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, айғақ заттар тәркіленді.

Өзін қоғамдық белсенді ретінде таныстырған блогер Түркістан облысында бопсалауға күдікті ретінде ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ведомствоның ақпараттық медиапорталының мәліметінше, Түркістан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында 32 жастағы блогер әйелді ұстаған.

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, алдын ала дерек бойынша, күдікті өзін қоғамдық белсенді ретінде көрсетіп, Келес ауданына қарасты медициналық мекеме басшысынан әлеуметтік желілерде беделіне нұқсан келтіретін материал таратпау үшін 1 миллион теңге талап еткен.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, айғақ заттар тәркіленді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.