Берлиндегі Grüne Woche көрмесінде Қазақстанның Ұлттық павильоны ашылды

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бастаған делегация «Жасыл апта» аясындағы аграрлық саясат, бизнес және халықаралық ұйымдар өкілдерін тоғыстырған негізгі іс-шараларға қатысты.

Берлинде өткен халықаралық Grüne Woche көрмесінің жүз жылдық мерейтойы мен Global Forum for Food and Agriculture халықаралық конференциясы аясында Қазақстан агроөнеркәсіптік кешен мен сауда саласындағы серпінді әрі сенімді әріптес ретінде өз ұстанымын айқын көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бастаған делегация «Жасыл апта» аясындағы аграрлық саясат, бизнес және халықаралық ұйымдар өкілдерін тоғыстырған негізгі іс-шараларға қатысты.

Көрмедегі басты оқиғаның бірі– Қазақстанның Ұлттық павильонының ашылуы болды. Павильон іскерлік диалог алаңы ретінде қызмет атқарып, экспорттық әлеуетті таныстыруға және өнеркәсіптік кооперацияның келешегін талқылауға мүмкіндік берді. Экспозицияда Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен терең өңдеу, заманауи агротехнологияларды енгізу және орнықты агрожүйелерді дамыту бағытындағы мүмкіндіктері кеңінен көрсетілді. Павильон неміс және халықаралық серіктестер тарапынан жоғары қызығушылық тудырып, қазақстандық өнімдер мен бірлескен жобаларға деген сұраныстың артып келе жатқанын дәлелдеді.

GFFA аясында Арман Шаққалиев бірқатар халықаралық әріптестермен екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Германияның Азық-түлік, ауыл шаруашылығы және өңірлік сәйкестік жөніндегі федералдық министрі Алоис Райнермен, Германияның Экономика және энергетика федералдық министрлігінің статс-хатшысы Томас Штефенмен, Неміс экономикасының Шығыс комитетінің атқарушы директоры Михаэль Хармспен, сондай-ақ Дүниежүзілік сауда ұйымы Бас директорының орынбасары Жан-Мари Паугаммен келіссөздер жүргізілді. Тараптар сауданы кеңейту, кедергілерді азайту, азық-түлік жеткізу тізбектерінің тұрақтылығы және өзара нарықтардағы қатысуды күшейту мәселелерін талқылады.

Келіссөздердің жеке блогы аграрлық ынтымақтастық пен технологиялық әріптестікті дамытуға арналды. Қазақстан делегациясы Пәкістанның Ұлттық азық-түлік қауіпсіздігі және зерттеулер жөніндегі федералдық министрі Рана Танвир Хуссейнмен, Германияның Ауыл шаруашылығы федералдық министрлігінің мемлекеттік хатшысы Маркус Шикпен, Неміс агробизнес альянсының директоры Пер Бродерзенмен, CLAAS компаниясының Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірі бойынша вице-президенті Михаэль Байермен, сондай-ақ APD жобасының жетекшісі Йон Клаус және ADT жобасының жетекшісі Уве Веддигемен мазмұнды кездесулер өткізді. Кездесулерде өндірісті жергіліктендіру, ауыл шаруашылығы техникасын жаңғырту, неміс сапа стандарттарын енгізу, тұқым шаруашылығын дамыту және су үнемдеу шешімдері негізгі назарда болды.

Қазақстан тарапы Неміс агробизнес альянсы ұйымдастырған салалық пікірталастарға да белсенді қатысты. Оның ішінде орнықты су пайдалану мен инновациялық агротехнологияларға арналған панельдік сессия және «Kazakhstan–Germany Agro & Water Nexus» дөңгелек үстелі өтті. Бұл алаңдар тараптарға нақты кооперация үлгілерін, бірлескен пилоттық жобаларды және технология трансферін талқылауға мүмкіндік берді.

Іс-шаралар барысында Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың нығайып келе жатқаны атап өтілді. 2025 жылдың қаңтар–қараша айларының қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 3,91 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстанның Германияға экспорты 7,9 пайызға өсіп, 1,17 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл неміс нарығының қазақстандық жеткізушілер мен жоғары қосылған құны бар өнімдерге деген тұрақты қызығушылығын көрсетеді.