Аграрлық кеңес бас қосты

Мал шаруашылығы бұдан былай нүктелік субсидиялар есебінен дами алмайды – мемлекет саланы ұзақмерзімді жеңілдетілген қаржыландыру мен технологиялық жаңғыр­туға негізделген тұрақты әрі экономикалық тұрғыда тиімді модельге көшіруге кірісті.

Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы Аграрлық сектордың мәселелері жөніндегі Республикалық кеңес отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мәлімдеді. 

Оның айтуынша, Мемлекет бас­шысының тапсырмасына сәйкес, 2026-2030 жылдарға арнал­ған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары әзірленіп жатыр. Осы мақсатта Парламент депу­таттарының, өңірлік әкімдіктердің, қаржы институттарының, салалық қауымдастықтардың және «Ата­мекен» ҰКП өкілдерінің қаты­суымен жұмыс тобы құрылды.

«Бүгінде мемлекеттік саясат тікелей субсидиялаудан жеңіл­детілген несиелеу құралдарына көшуге бағытталды. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың бұған қатысты нақты тапсырмасы бар. Осыған байланысты, ең алды­мен, саланы арзан несиелік ре­сурстармен қамтамасыз етуге ба­ғытталған шаралар қолдау тапты», – деді Аманғали Бердалин.

Кешенді жоспарда асыл­тұ­қымды мал шаруашылығын дамыту мәселесіне ерекше назар аударыл­ды. Асылтұқымды мал басын сатып алуға жылдық 6% мөлшерлемемен ұзақмерзімді жеңілдетілген несие беру бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жалпы қаржыландыру қажеттілігі шамамен 300 млрд теңгені құрайды. Айналым қаражаты тапшылығын толықтыру үшін салалық шектеусіз, жылдық 5% мөлшерлемемен әмбе­бап несиелік өнім іске қосылады.

Республикалық кеңес төрағасы, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Нұржан Әшімбетов мемлекеттік қолдау саласындағы теңгерімсіздік мәсе­лесіне назар аударды.

«Былтыр өсімдік шаруашы­лығына шамамен 700 млрд теңге, техникаға – 300 млрд теңге, ал мал шаруашылығына бар болғаны 50 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл тіпті 10%-ға да жетпейді. Шаруалардың айналымға да, жаңа шаруашылықтар ашуға да қара­жаты болмады», – деді депутат.

Сонымен қатар ол мемлекеттік қолдаудың жаңа моделі ашық бо­луға, фермерлердің нақты қа­жет­тіліктерін ескеруге және мал сатып алуға, жаңа шаруашылықтарды іске қосуға, сондай-ақ жеңілде­тіл­ген несиеге қолжетімділікті ын­та­ландыруға тиіс екенін атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойын­ша, «AMANAT» партиясы жанын­дағы Республикалық кеңестің ұсы­ныстары Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына енгізу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданады. Бұл шаралар ірі қара мал санын 12 млн басқа, ұсақ малды 28 млн басқа де­йін ұлғайтуға және ет экспортын екі есеге арттыруға бағытталуда.

Елнар ЕЛТАЙ