Депутаттарға «2003 жылғы 25 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарау ұсынылады.
Хаттама арқылы «Кеген-автожолдық» (Қазақстан Республикасы) және «Қарқара-автожолдық» (Қырғыз Республикасы) өткізу пунктінің жұмыс режимін «тәуліктің жарық уақытынан» «тәулік бойы» деп өзгерту көзделген. Өткізу пунктінің жұмыс режимін өзгерту Қазақстан – Қырғызстан шекара маңы ынтымақтастығын одан әрі дамытуға, тауар айналымын ұлғайтуға және мемлекеттердің туристік саласындағы ынтымақтастығын дамытуға ықпал ететін болады. Сондай-ақ екі елдің шекарасында орналасқан басқа да автокөлік өткізу пункттерінде жолаушылар ағынын азайтуға септігін тигізеді.
Сонымен қатар жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасына 2016 жылы 6 қазанда Монреалда қол қойылған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 50 а) және 56-баптарының өзгеруіне қатысты хаттамаларды ратификациялау туралы заң жобасы енгізілді. Бұл құжатта Халықаралық Азаматтық авиация ұйымы кеңесінің және Аэронавигациялық комиссияның сандық құрамын ұлғайту қарастырылады.
Бұдан бөлек, қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы Еуропалық конвенцияны ратификациялау туралы жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдау ұсынылады.