Теміртаудың тынысы ашыла ма?

Теміртауды экологиясы нашар қалалар қатарынан көріп келдік. Бірнеше жыл бойы қыстың көркі ақ қар – бұл қалада қап-қара болып жататынды шығарды.

Аспаннан жауған қардың еш міні жоқ, тек жергілікті алпауыт компаниялардың зауыт, жылу электр орталықтарынан бөлінген түтін «қара қала» атануға себепші болып отыр.

Жалпы, Қарағанды облысын­да атмосфераның ластануына негізгі әсер еткен фактор – жылу электр станциялары мен жеке сек­тордың шамадан тыс көмір тұ­тынуы. Алайда Қарағандыда ауа қыста ластанса, Теміртауда кез келген маусымда кең тыныс­тай алмайсыз. Өнеркәсіптік және металлургиялық кәсіпорын­дар­дан, сонымен бірге жылу электр стансалары мен жеке сектордан шыққан түтіннен қала тұншығып тұр.

Бұған дейін Теміртаудың бас­ты ауа ластаушысы болып тұрған «АрселорМиттал Теміртау» АҚ 2024 жылға қарай шығарын­ды­ларды 30 пайызға азайту туралы жасалған меморандум бойынша өз міндеттемелерінің үштен бірін ғана орындаған екен. Компания басшысы кетіп, бүкіл мұрасын «Қарметке» табыстады. Іске ас­па­ған жобаларын да қоса қалды­рып кетті деуге болады.

Енді істелмеген жұмыс пен Теміртауды ауа ластануынан қор­ғау құдды бір Qarmet дирек­торлар кеңесінің төрағасы Андрей Лав­рентьевтің мойнында тұрғандай әсер қалдырады.

Сонымен қатар ауаны жеке тұрғын үйдің пешінен шыққан тү­тін де ластайтынын айттық. Теміртауда газдандыру жобасы толық аяқталып, инженерлік ин­фра­құрылым алты мыңға жуық жеке тұрғын үйге жеткізіл­гені таяуда мәлім болды. Алдағы уа­қытта осыған байланысты эко­логиялық көрсеткіштер аз да болса жақсаруға тиіс. 

Бұл – мыңдаған отбасы үшін тұрмыстың жаңа сапасына, таза ауа мен қауіпсіз өмірге жасалған нақты қадам. Енді Теміртауда кө­мір түтіні азайып, қала біртін­деп экологиялық тұрғыдан жаңа тыныс ала бастайды деген сөз. 

Айтар болсақ, жалпы ұзын­дығы 215 шақырым газ желісі тартылып, сегіз іске қосу кешенін қамтыған үш кезеңнің барлығы толық дайын. Теміртау қаласы әкімдігінің мәліметінше, бүгінде жеке тұрғын үйлердің барлығын­да газға қосылудың техникалық толық мүмкіндігі бар. 

Алайда газды іске қосу мер­зімі әр отбасының өзіне байлан­ысты: үй ішіндегі газ желілерінің дайындығы, қауіпсіздік талап­та­ры­ның орындалуы және қажет­ті құжаттардың рәсімделуі негізгі шарт саналады. Қазір орталық­тандырылған газбен жабдықтауға 2 228 үй қосылған. Сонымен қа­тар тағы 2 900 отбасына газға қос­ылуға арналған техникалық шарттар берілген. Бұл көрсеткіш­тер алдағы уақытта газ тұтыну­шы­лар санының айтарлықтай артатынын аңғартады. 

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың сөз­інше, енді шағын шаһар көмір түтінінен біртіндеп арылуға тиіс.

– Теміртауды газдандыру қала тұрғындарының жайлылығы үшін ғана емес, экологиялық жағдай үшін де аса маңызды. Газ­ға көшу зиянды заттардың шы­ғар­ындыларын азайтып, көмірді пайдалануды қысқартуға және өмір сапасын арттыруға мүмкін­дік береді, – дейді аймақ бас­шысы.

Газдандырудың тағы бір та­рихи маңызы бар кезеңі – Qarmet өнеркәсіп алыбының табиғи газға көшуі болды. Бұл метал­лур­гиялық комбинаттың бүкіл та­рих­ында алғаш рет жүзеге асқан өзгеріс. Бұған дейін көмір мен басқа да отын түрлеріне тәуелді болған кәсіпорын бүгінде барлық домна пештерін таза отынға кө­ш­ірді. Ал биыл өзге цехтарды да кезең-кезеңімен жаңғырту жос­парланып отырғаны хабар­ланды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы