Аршалылықтардың айтары бар

Елордадан таяқтастам ғана қашықта болғанымен, Арша­лы ауданында бүгінге дейін қарапайым қажет­тіліктерге қол жеткізу мұң болып тұр.

Тіпті қалаға қа­рай жаппай урбандалу үдерісінен жағдайдың одан сайын күрделеніп бара жатқаны анық байқалады. Халықтың тығыз қоныстануынан аудан аумағында инфрақұрылымдық және коммуналдық мәселелер көбейген. Шешімін таппаған мәселелер жуырда облыс әкімімен кездесу барысында тағы бір мәрте көтерілді.

Көгілдір отынға қол жетпей тұр

Бұл жолы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың жұ­мыс сапары әдеттегі есеп үшін ұйым­­дастырылған жиындарға мүл­де ұқсамады. Құзырлы сала ма­мандары мен жергілікті атқару­шы органдардың салғырттығы мен жауапсыздығынан туындаған түйт­кілдер ашық көтеріліп, аудан әкімі­нен бастап, тұтас басқарушы сала өкілдерінің жұмысы сын сада­ғына алынды. Жиын барысында аудан­ның бүгінгі әлеуметтік-эко­но­ми­калық ахуалы ғана емес, жер­гілікті атқарушы органдардың іс жүзіндегі нақты жұмыс қабілетінің тым төмендігі айқын көрінді. 

Аса маңызды салалардағы мә­се­­ле жылдар бойы шешілмей, тоң болып қатқан күйінде қалған. Әсіре­се, бұл халықтың тіршілігіне аса қажет коммуналдық және инфрақұрылымдық жүйелерде жиі кездеседі. Облыс әкімі аудан аума­ғын­дағы өзекті мәселе бірінші кез­ек­те жергілікті атқарушы би­ліктің осы аймақтағы іргелі кәсіп­орындармен бірлесе әрекет етпеуі­нен болғанын алға тартты.

– Мемлекет басшысы жергілік­ті атқарушы органдарға бақылау­дан бұрын, серіктестікпен жұмыс істеудің маңызды екенін атап өтті. Біз де дәл осы ұстанымды басшы­лық­қа алып келеміз. Серіктестік халыққа үйіп-төгілген бос уәде емес, нақты нәтижеге жеткізетін үлкен мүмкіндік, – деді  Марат Ахметжанов.

Бірақ Аршалыдағы бүгінгі аху­ал серіктестікке емес, құзырлы орын­дардың немқұрайлығы мен сыл­бырлығынан шыққан секілді. Мәселен, елорданың тап іргесінен қоныс тепкен Жібек жолы мен Жал­тыркөл ауылдарында су мен электр желісі әлі күнге дейін толық шешімін таппаған. Қостомар ауыл­ындағы ішкі жолдар бірнеше жыл бұрын бекітілгенімен, қағаз жүзіндегі жоспар күйінде қалған. Сондай-ақ Ақбұлақтағы және аудан орталығы Аршалы кентіндегі газ мәселесі тіпті созылып кетті.

Ең сорақысы – аудан орталы­ғын газдандыру жобасының тағды­ры бұлыңғыр. Облыстық бюджет қор­жынынан 333 миллион теңге сомасында бөлінген іргелі жоба 2025 жылдың қарашасында аяқ­талу­ға тиіс болған. Алайда қазір нысанның дайындығы 90 пайызға ғана орындалғаны мәлім болды. Қалған 10 пайыздың, яғни іс жүз­інде толық жүзеге асырыл­мауы­ның салдары мыңдаған тұрғынның табиғи көгілдір отынмен қамты­лып, жайлы өмір кешуін кешеуіл­дете түскен.

Бұдан соң аймақ басшысы аудан әкімінен құрылыс жұмыс­та­рының неліктен кешігіп, уақыт­ын­да тапсырылмай жатқанын сұрады.

Аудан әкімі Достанбек Ес­жанов кідірістің себебін жер телім­деріне қатысты құжаттардың кеш рә­сімделуімен, инженерлік желі­лер­дің сапасыз тартылуымен түс­ін­дірмек болды. Бірақ бұл жауап­тар мәселенің түпкілікті  себебін емес, салдарын ғана көрсеткендей.

– Халыққа мәселе жөнінде түсініктеме емес, нәтиже керек. Жылу, жарық, су – бұл есеп үшін емес, адамдардың күнделікті өмірі үшін ауадай қажет. Сондықтан жергілікті атқарушы органдардан «тырысу» емес, іс жүзінде нақты орындалған жұмыс талап етіледі, – деді облыс әкімі.

Сын мұнымен тоқтаған жоқ. Ауданда жол құрылысының қар­қыны аса баяу. Әлеуметтік нысан­дар­дың құрылысы сағызша созыл­ып, сақалды құрылыстардың қа­та­ры көбейген. Соның айқын мысал­дарының бірі – үш жылдан бері салынып келе жатқан Мәден­иет үйі. Өткен жылы тапсырылуға тиіс болғанымен, нысан құрылысы әлі дайын емес, оның үстіне қом­ақ­ты қаражаттың басым бөлігі қайтадан бюджетке қайтарылған. 

– Адамдар мәдениет ошағы­ның пайдалануға берілгенін күтіп отыр. Ал біз әлі күнге дейін жауап­кершілікті бір-бірімізге ысырып келеміз, – деген Марат Ахметжанов жергілікті биліктің жұмысын қатаң сынға алды.

Көпшіліктің пікірі тыңдалды

Жиында қоғамдық пікір де ашық айтылды. Қоғам белсенділері Самал Ким мен Динара Барбасова, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаты Руслан Шамкенов арша­лы­лықтарды мазалаған өткір мәсе­лелерді бүкпесіз жеткізді. Оның ішінде халықтың жылдар бойы шымбайына батқан заңсыз қоқыс үйінділері, қаңғыбас иттердің кө­беюі, экологияның нашарлауы, іш­кі туризмнің тоқырауы, карьер­лер­д­і игеру кезінде халық мүддесі­нің мүлде ескерілмеуі сияқты өткір жайттар аталды. Әсіресе, қиыршық тас өндірісімен айналысатын зау­ыт­тардың тым көбейіп кетуінің сал­дарынан халықтың денсаулығы мен аймақтың экологиялық ахуа­лына қауіп төнген. 

– Әрине, біз жергілікті кәсіп­орындардың дамуына еш қарсы емеспіз. Бірақ экология мәселе­сін­де тұрғындардың мүддесі әрдайым екінші орынға ығысып қалмауға тиіс. Кейде мемлекеттік органдар ашық диалогтан қашады. Ал біз тек сын айтып қана қоймай, нақты көмек көрсетуге әзірміз, – дейді жергілікті қоғам белсендісі Самал Ким.

Бұл пікір облыс әкімінің де қол­дауын тапты. Жиында жергі­лік­ті атқарушы органға экология мәселесіне қатысты бөлек кеңес өткізу тапсырылды. Ал заңсыз қо­қыс полигондары бойынша нақты шешім жасалды. Астанадағы қо­қыс өңдеу зауытымен келісіп, Ар­ша­лы секілді іргелес аудандардан тұрмыстық қалдықтарды қабылдау іс жүзінде жолға қойылмақ.

Кеңес қорытындысында Марат Ахметжанов нақты тапсырмалар жүктеді. Аудан әкіміне барлық ес­кер­туді қысқа әрі нақты мерзімде жою міндеттелді. Бұл жолы бақы­лау формалды сипатта болмайды. Арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамына облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бас­қармасының басшысы Бах­ты­бек Жапаев, сондай-ақ жергілікті мәслихат депутаттары мен қоғам­дық өкілдер енгізілді.

Аршалыдағы жиын аймақтағы өзекті мәселелердің туындауына себепкер болған ақиқатты анық аңғартты. Мәселе қаржы тапшы­лы­ғында емес, басқарудың жүйе­сіз­дігі мен салғырттықтың сал­да­ры­нан болған. Ақша бөлініп жос­пар жасалғанымен, орындау кезінде жауапкершілік жоғалады. Ал жауапкершілік жоғалған жерде халықтың сенімі де сөне бастай­тыны сөзсіз.

P.S.

Халықтың жылдар бойы қордаланған ащы жанайқайы көтерілген кеңес – жай ескерту емес, жергілікті атқарушы органға берілген соңғы мүмкіндікке көбірек ұқсады. Жыл сайын қайталанатын құрғақ уәде, бітпейтін құрылыс, шешілмейтін мәселелер жұртты әбден қажытқан. Ендігі жерде облыс билігі мен көпшілік ахуалдың дереу реттелгенін міндеттеп отыр. Ауданның атқамінерлері бұл сенімнің үдесінен шыға ала ма, жоқ па – оны алдағы уақыт көрсетеді. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы