Фермерлер мен кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдері қатарынан бірнеше маусымда қайталанатын баға өсімі, логистикалық қиындықтар мен түрлі шектеу шараларының әлі де шешімін таппағанына қынжылыс білдіруде. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Темір Қырықбаев осы мәселе төңірегінде Парламент мінберінен Үкіметке сауал жолдаған еді.
– Экспортты шектеуге не себеп болды, оның салдары қандай?
– Қазір фермерлер мен кәсіпкерлер сәбіз бен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға шектеу қою туралы наразылық танытуда. Сарапшылар да бағаны тек экспортты шектеумен ұстап тұру мүмкін емес дейді. Кәсіпкерлеріміз мемлекет ішкі нарыққа қанша өнім керек екенін нақты есептеп берсе, фермерлер соны өндіруге дайын екенін ашық айтып жатыр.
Менің ойымша, Қазақстан шаруалардың қолын қақпай, қолдау көрсетуі керек. Қазір билік кәсіпкерлерге өсірген бүкіл өнімін сатуға мүмкіндік беруге тиіс. Себебі уәкілетті органдар қысқы маусымда бағаны тұрақтандыру үшін әрбір өңірдегі шаруалардан қажетті өнімдерді сатып алып, сақтап қояды. Оның ішінде, картоп пен сәбіз де бар. Сондықтан да осы уәкілетті органдар есеп-қисаптары дұрыс жасаған болса, қазіргі жағдайда сәбізді шетелге экспорттауға шаруаларға шектеу қоюдың қажеті жоқ.
Үкімет ең алдымен экспортқа шығарылатын немесе шектеу қойылған өнімдерге бақылауды күшейтуі керек деп есептеймін. Ол үшін Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бірлесіп, әр өңірдің тұтынатын азық-түлігіне талдау жасап, нақты қажеттілігін анықтағаны абзал. Осыдан кейін шаруалардан қажетті көлемдегі өнімді сатып алып, қоймаларда сақтау мәселесін реттеген жөн. Одан кейінгі амал – қоймаларда сақталатын өнімдерді қатаң бақылауға алу. Температуралық режимнің бұзылмауын, герметизацияның сақталуын қамтамасыз ету керек. Себебі қоймадағы есіктердің жиі ашылып-жабылуының өзі өнімнің сапасына әсер ететіні анық.
– Сонда қазір ішкі нарыққа қанша өнім керектігі туралы нақты мәліметтің болмағаны ма?
– Жоғарыда атап өткенімдей, жауапты министрліктер бірлесіп, әр өңірдің тұтынатын азық-түліктеріне талдау жасап, нақты деректерді, яғни қажетті өнім көлемін анықтау керек. Сондай-ақ елімізде ішкі нарықты қорғау шараларын, соның ішінде бақылауды, контрафактілік және жалған, бұрмаланған азық-түлік өнімдеріне қарсы шараларды күшейту қажет.
Мысалы, Қазақстанның Картоп және көкөніс өсірушілер одағының айтуынша, қоймаларда өнім жеткілікті, сәбіз де, картоп та жетіспей жатқан жоқ. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан «өнім тапшылығы бар» деген ақпараттың қаншалықты дұрыс екеніне күмән туады. Бұл мемлекет пен шаруалардың арасында тұрақты диалогтың жоқ екенін көрсетеді.
Мысалы, тек Павлодар облысының өзінде фермерлердің қолында 120 мың тоннадан астам сәбіз бар. Қазір тіпті оның келісін 80 теңгеден сатудың өзі қиын, себебі сұраныс төмен. Ал сәбіз ұзақ сақталмайды. Осы жағдайда экспортқа уақытша тыйым салу шаруалардың өнімін сату мүмкіндігін одан әрі шектейді.
– Бұған дейін де осындай шектеулер болды ғой, соның нәтижесінде баға түсті ме?
– Бұған дейінгі тәжірибеге қарасақ, экспортты тоқтату бағаны түсірмейді. Керісінше, баға өсе береді. Ал ең үлкен соққыны шаруалар алады. Өйткені өнім дүкенге жеткенше делдалдар мен тасымалдаушылардың үстеме бағасынан бірнеше есе қымбаттап кететіні бұрыннан белгілі. Сол үшін олар бұл шектеуден еш зиян көрмейді.
Мендегі деректерге қарағанда, 2021 жылы Орталық Азия елдерінде картоп пен сәбіз бірнеше есе қымбаттаған. Әр мемлекет бағаның неге көтерілгенін өздігінше түсіндірді, бірақ экспорт-импорттың әсері, өнімнің аз жиналуы және ішкі экономикалық мәселелер сияқты ортақ себептер де болды. 2024 жылы бұл жағдай қайталанып, картоп тапшылығы байқалды.
Сондықтан Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бірігіп, экспортқа шығатын өнімдерге нақты талдау жасап, Қазақстандағы тұтыну көлемін анықтауы қажет деп ойлаймын. Қажет болған жағдайда шаруаларға тапсырыс беру арқылы осындай өнімдерді көбірек егу мәселесін қарастыру керек.
Бұған дейін картоп, ет және пияз экспортына да осындай шектеулер қойылған, бірақ ол жағдайлардан нақты қорытынды шығарылған жоқ. Қазір де қысқамерзімді әкімшілік шешімдер басым болып тұр. Мұндай саясат ұзақ уақытқа созылса, фермерлердің өндірісті дамытуға деген ынтасын төмендетеді және елдің шетелдік өнімге тәуелді болу қаупін күшейтеді.
– Онда неліктен баға тым шарықтап кетпеуі үшін делдалдар мен логистика мәселесі реттелмейді?
– Бүгінгі Ұлттық статистика бюросының құжаттарына көз жүгіртсек, 2025 жылғы жылдық инфляция 12,3% деңгейінде қалып отыр. Үкімет инфляцияны төмендету бойынша түрлі шара қабылдап жатқанын ресми мәлімдейді. Алайда қарапайым халық бұл бастамалардың нақты нәтижесін сезіне алмай отыр. Инфляция қағазда баяулап жатқанымен, дүкен сөресіндегі бағалар ырыққа көнер емес. Жақында өңірлерді аралап, тұрғындармен жүзбе-жүз сөйлескен кезде осы жағдайдың айқын көрінісі байқалды: азық-түлік бағасы үнемі өсуде, оның ішінде өз елімізде өндірілетін өнімдердің өзі күн санап қымбаттап барады.
Халықтың айтуынша, бағаның өсуіне ең алдымен логистика мен коммуналдық шығындардың артуы себеп. Кәсіпкерлер де бұл пікірді қуаттайды. Біз «бағаны нарық реттейді» деп жиі айтамыз, алайда уәкілетті органдар сауда жүйесіндегі делдалдыққа қатысты толыққанды талдау жасап, түпкілікті есеп берген емес. Нарықтағы баға қозғалысында «кім, қалай және қанша пайда көріп отыр?» деген сұрақтардың жауабы әлі де ашық.
Статистика да бұл жағдайды растап отыр. Былтырғы жылдың желтоқсан айы бойынша азық-түлік тауарларының жылдық өсімі – 13,5%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 11,1%, ақылы қызметтер 12% қымбаттаған. Азық-түлік тауарлары арасында қызанақ бағасы – 7,9%, күріш – 4,8%, қияр – 4,7%, тәтті бұрыш – 2,7%, кептірілген өрік 2% арзандағанымен, керісінше жүзім – 7,7%, көк шай 7,9% қымбаттаған.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар да бір орында тұрған жоқ: аяқкиімге жағатын крем – 10,8%, сантехникалық қоспалауыш – 8,5%, электрлік бұрғы 6,6% өскен. Қызметтер секторына келсек, 2025 жылы тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласындағы суық су тарифтері 13,1% төмендегенімен, аяқкиім жөндеу – 10,1%, пошта қызметтері – 8,9%, автосақтандыру 6,5% өскен. Өңірлер арасында Алматы қаласы мен Қостанай облысында жылдық инфляция деңгейі салыстырмалы түрде төмен – 11,7%, ал Абай, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында 11,8% деңгейінде тіркелген.
Осы деректердің барлығы елдегі баға саясатының әлдеқайда терең талдауды қажет ететінін көрсетеді. Бағаны тек мәжіліс залдарында немесе есептерде емес, шынайы өмірде тұрақтандыру мәселесі күн тәртібінен түспеуге тиіс. Бұл тұрғыда мен жергілікті атқарушы органдарға ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен ірі сауда орындарын тікелей беттестіруді ұсынар едім. Шаруалар өнімін тікелей сата алса, ал дүкендер делдалсыз сатып алса, баға тұрақтандыруға септігін тигізері анық.
Сонымен қатар Үкімет қоймаларда сақталатын өнімдердің сапасына қатаң бақылау орнатуы керек. Температуралық режим, герметизация және қойма талаптарының сақталуы – өнімнің өзіндік құны мен соңғы бағасына әсер ететін маңызды фактор. Бұл бағытта талаптарды күшейту кешіктірілмеуге тиіс. Өйткені базардағы баға мәселесі – халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін әлеуметтік-экономикалық индикатор. Сондықтан инфляция туралы есептер халықтың қалтасымен сәйкес келгенде ғана нақты нәтижеге қол жеткіздік деп ашық айтуымызға болады.
– Сіз Үкіметке жолдаған депутаттық сауалыңызда нақты қандай ұсыныстар көтердіңіз?
– Депутаттық сауалда мен бірнеше нақты мәселені көтердім. Біріншіден, экспортқа шектеу енгізу туралы ұсыныс қандай экономикалық және статистикалық есептеулерге негізделгенін сұрадым. Яғни, ішкі нарықтың қажеттілігі, қолда бар қорлар туралы нақты қандай деректер пайдаланылды, олардың дұрыстығына қай орган жауапты – осының барлығы ашық айтылуы тиіс деп есептеймін.
Екіншіден, баға өсімі жалғасқан жағдайда экспортты әкімшілік жолмен шектеудің тиімділігіне күмән бар екенін атап өттім. Сол себепті «сауда үстемесін реттеу», «логистиканы оңтайландыру» және «тұрақтандыру қорлары арқылы сатып алу» сияқты жүйелі тетіктерді қолдану мүмкіндігі қарастырылды ма, қарастырылса оның нәтижесі қандай болғанын нақтылау қажет болды. Себебі өнім өндірушілерге шектеу салу – ең соңғы және уақытша шара болуы керек.
Үшіншіден, ішкі нарықты кепілдендірілген көлемде өніммен қамтамасыз етіп, артық өнімді экспортқа шығаруға мүмкіндік беретін, нақты әрі түсінікті модель қажет екенін айттым. Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін шаруалар алдын ала жоспарлай алуы үшін ойын ережелері өзгермей, тұрақты болуы шарт. Менің ұстанымым біреу: мемлекетке қажеті – бірреттік тыйымдар мен шектеулер емес, тұрақты және болжамды ережелер.
Сұхбаттасқан
Кәмила ДҮЙСЕН