Сазсырнайдың сырын ашқан Сафия

Сафия дәстүрлі әндерді нақышына келтіре орындап, Отырар өнер және саз мектебінде «Дәстүрлі ән» сыныбында білім алып жүр.

Бүгінгі қоғамда әр баланың бойындағы табиғи дарынды дер кезінде танып, оны дұрыс бағытта дамыту  білім беру саласының ғана емес, тұтас ұлт болашағына жауапты ортақ міндет. Әрбір талантты шәкірт  елдің ертеңі. Ал сол қабілетті байқап, оны шыңдап, үлкен өмірге жол сілтеу ұстаздың кәсіби шеберлігімен қатар, азаматтық жауапкершілігі. Ұрпақты заман талабына сай тәрбиелей отырып, ұлттық құндылықтарға баулу бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі.

Өнер мен ғылымның алтын бесігі саналатын қасиетті Оңтүстік өңірі қашанда дарынды жастарға бай. Солардың бірі – Отырар ауданы, Шәуілдір ауылындағы №1 жалпы білім беретін мектептің 6-сынып оқушысы Тұрысбек Сафия. Жас өреннің бойынан өнерге деген шынайы махаббат пен ұлттық мұраға деген ерекше құрмет айқын сезіледі.

Сазсырнай – саздан жасалатын, үні қоңыр да табиғи көне музыкалық аспап. Зерттеу барысында Сафия тәжірибе жасап, саздан шағын сазсырнай үлгісін өзі жасап көрді. Әртүрлі қоспалардың дыбыс сапасына әсерін салыстыра отырып, көне аспаптардың бүгінгі күні де үн қатуға қабілетті тірі мұра екенін дәлелдеді. Бұл – жас зерттеушінің ғылымға деген алғашқы, бірақ нық қадамы.

Көне музыкалық аспаптарды қайта жаңғыртуда өнертанушы, академик Кендебай Қарабдаловтың еңбегі зор. Ал сазсырнайды алғаш сахна төріне шығарып, халыққа кеңінен танытқан қазақ музыкасының заңғар тұлғасы Нұрғиса Тілендиев. Ұлы композитордың бастамасымен бұл көне аспап «Отырар сазы» ансамблінің құрамына еніп, халқымен қайта қауышты. Осы тарихи сабақтастық Сафияның зерттеу жұмысында айқын көрініс тапты.

Жас өреннің бұл ізденісі  ұлттық өнерге деген құрметтің, тарихқа деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі. Бұл тек бір оқушының жетістігі ғана емес, ұлағатты ұстаз еңбегінің, жүйелі тәрбиенің нақты нәтижесі.

Ұлттық өнердің тамыры тереңде. Оны тану, зерделеу және кейінгі ұрпаққа жеткізу баршамыздың ортақ парызымыз. Дарынды шәкірттерге қолдау көрсету арқылы ғана ұлттық рухымызды сақтап, болашаққа сеніммен қадам баса аламыз. Сазсырнайдың сырын ашқан Сафиядай талапты жастар ұлт руханиятының жарқын болашағы.

Сабырхан АҚТІЛЕК,

Түркістан қаласы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.