Салада алаяқтық деректері анықталыпты, сонымен күресті алға тартып, шенеуніктер түрлі шектеу енгізуді пысықтап жатыр. Себебі қазіргі бюджеттің мүмкіндіктері шектеулі. Сарапшылардың пікірінше, ақыр соңында жекеменшік мектеп ашу тиімсіз болып қалуы ықтимал. Жүздеген мектеп талапқа сай емес деп танылып, мемлекеттік қолдаудан айрылған. Саладағы жаңа реформа қандай өзгерістер әкелмек?
Өткен жылдан бері Мәжіліс, Сенат депутаттары дабыл қағып, жеке білім беру ұйымдарының біраз қаржыдан қағылғанына, бюджеттік негізде қабылдап, тегін оқытқан оқушылар үшін бюджеттен қаржы төлеудің тоқтатылғанына Үкіметтің назарын аудартуға тырысумен болды. Бұл мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 5 қаңтарда «Turkistan» газетіне берген сұхбатында нүкте қойды.
Ол жекеменшік мектептердің иелері де ауқымды мемлекеттік субсидия алатынын тілге тиек етті. Барлық аймаққа жекеменшік мектептердің, балабақшалардың, оқу орталықтары мен үйірмелердің жұмысын қамтамасыз ету үшін «жан басына шаққандағы қаржыландыру» қағидаты бойынша қомақты қаражат бөлу жүктелген.
– Ауқатты кәсіпкерлердің меншігіндегі және ата-аналары балалардың оқу ақысына көп ақша төлеп отырған элиталық мектептерге бюджеттен қаржы бөлінеді. Бұл саланы мемлекеттен қаржыландыру жүйесінің өзін реформалау керек. Министрліктің бұрынғы басшылары енгізген бүгінгі бұрмаланған тәртіп бей-берекеттікке әкеп соқтырады, себебі қазірдің өзінде қаражат жетпей жатыр... Жалпы, бұл – күрделі мәселе, Үкімет бұған назар аударуға тиіс. Мен лауазымды тұлғалардың мұндай жағдайға жол беріп қана қоймай, мемлекет мүддесіне қайшы келетін нәрселерді «өз қолымен» жасағанына таңғаламын, – деді Тоқаев.
Ол салаға жауапты мекемелердің жөнсіз іс-әрекеттері кесірінен білім беру саласында жеке кәсіпкерлік ұғымы бұрмаланып кеткеніне сенімді. Сондықтан Үкіметке ахуалды түзеуді тапсырды: «Бюджеттен қаржы бөлінбесе, әлеуметтік нысандардың қиын жағдайға тап болуы мүмкін екенін түсінемін. Бірақ жеке бизнесті түгелдей дерлік мемлекеттің мойнына артып қоюға болмайды», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Өз кезегінде Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбатында берген тапсырмаларын орындау шеңберінде жекеменшік білім беру және медициналық ұйымдарды мемлекеттік қаржыландыру жүйесін реформалау жөнінде жиын өткізді.
Онда Үкімет жетекшісі Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктерінің алдына жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіндегі теңгерімсіздіктерді жою міндетін қойды. Атап айтқанда, О.Бектенов жекеменшік білім беру мекемелерін қаржыландыру тетіктерін қайта қарауды тапсырды. Яғни, жеке қолдағы білім ордаларына бөлінетін бюджет қаражаты оңтайландырылмақ.
Үкімет басшысы мемлекеттің сапалы және қолжетімді қызметтер көрсету бойынша міндеттемелерін ары қарай орындайтынын атап өтті. Алайда оқушыларға мемлекеттік мектептерде орын жетпейді. Қазақстан жыл сайын ондаған жаңа мектепті іске қосады. Бірақ еліміздегі мыңдаған мектеп негізінен кеңес заманында салынғандықтан, олар жыл сайын үлкен қарқынмен апаттық жағдайға жетіп, істен шығады. Сондай-ақ өрт, су тасқыны, дауыл және басқа апаттар салдарынан да жарамсыз болып қалғаны жетерлік.
Тиісінше, жаңалары ескілерінің орнын толтыра алмады. Мұны Ұлттық статистика бюросы растайды: оның ресми мәліметіне сәйкес, ғасыр басында, 2001-2002 оқу жылында Қазақстанда 8 456 орта мектеп болыпты. 2024-2025 оқу жылында содан 7 920 мектеп қана қалған. Жарты мыңнан астам мектепке азайды. Бұл ретте 2001 жылы республика бойынша оқушылар саны 3 084 953 баланы құраған. Ал 2025 жылы оқушылардың саны тарихи рекордқа – 3 898 569 балаға жетті. Бұл елде оқушы орындарының жетіспеушілігінің артуына әкелді.
Ол тапшылық орын таба алмаған оқушыларды жекеменшік мектептерге орналастыру арқылы шешіліп келген. Жан басына шаққандағы қаржыландыру аясында олар бюджеттік шәкірттерді қуана-қуана, құшақ жая қарсы алды. Көбісі тіпті мектеп ғимаратын кеңейтіп немесе қосалқы орынжайларды сынып кабинеті ретінде қайта жабдықтап, қосымша оқушыларды қабылдады. Бірақ былтырдан бастап, мемлекет жеке білім беру ұйымдарына берілетін бюджеттік қаражатты күрт шектеді: қосымша қабылданған балалар үшін енді қаржы берілмейді. Бұған наразы кейбір жеке мектеп қожайындары бюджеттік оқушылардан арылудың түрлі жолын қарастырып жатыр. Бірқатар ата-ананың алдына баласын ақылы бөлімге көшіру немесе мемлекеттік мектепке ауыстыру талабы қойылған.
Үкімет басшысы мемлекеттік білім беру мекемелерінде орын болмаған жағдайда жекеменшік ұйымда оқуға жан басына шаққандағы қаржыландыру қарастырылғанына назар аудартты. Десе де, бұл мүмкіндікті теріс пайдалану деректері тіркеліпті. Ол субсидия көлемін көбейту мақсатында оқушылар мен мұғалімдердің жасанды легі туындағанын, бұл өз кезегінде білім сапасына, сондай-ақ мемлекеттік шығындардың тиімді жұмсалуына теріс әсер ететінін нықтады.
Егер жеке мектептер бюджеттік оқушыларды жаппай қуып, онсыз да тапшылықтан тұншығып жатқан мемлекеттік мектептер желісіне қысым түсірсе, оларда дағдарыс туғызса, Үкіметте бұларды тәртіпке келтіретін тетік жетерлік. Мысалы, жекеменшік білім беру мекемелерін лицензиялау тәсілдері қайта қаралып жатыр. Оның барысында Үкіметтің талаптарын орындамайтын, айтқанына сеніп, жетегіне жүрмейтін білім ордалары лицензиясымен қош айтысуы кәдік. Оқу-ағарту министрлігі, антимонополиялық агенттік тексерулер жүргізіп, олардың оқу ақысын шектен тыс көтергенін әшкерелеуі, басқа да жөнсіздіктер тауып, лицензиясынан айыруы мүмкін.
Премьер-министр О.Бектенов жекеменшік білім беру ұйымдарында оқу ақысы қымбат екенін қаперге салды. Ол мемлекеттік бюджет «элиталық» мектептердің қызметін қаржыландыруға жұмсалмауы керектігін ерекше атап өтті. Мұндай мектептерде ата-аналардың төлемдері оқу процесін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Педагог Дариға Манарбек жеке мектептер мүлдем жабылып қалмауы керек деген пікірде. Ол қазіргі кезде Қазақстанда барлық мектептің шамамен 11,2%-ы (888-і) жекеменшік екенін білдірді. Бұл жақсы көрсеткіш екен: мысалы, Германияда, Швейцарияда барлық мектептің 15%-ы – жеке. АҚШ-та 35 мыңдай жекеменшік мектеп бар. Әйткенмен, оқушылардың басым көпшілігі – 81,9% мемлекеттік, 18,1%-ы жекеменшік білім ордаларында білім алады. Еуропада бұл тұрғыда Нидерланд алда: тәуелсіз, соның ішінде діни мектептердің үлесі білім ордаларының үштен екісін құрайды. Оның барлығы мемлекеттік мектеп деңгейінде жоғары бюджеттік қаржыландыруға, салықтық артықшылықтарға ие екен.
– Жекеменшік мектептерден құбыжық жасаудың қажеті жоқ. Бұл –мемлекеттің дамығанының белгісі. Пандемия тұсында тойханалардың жабылып, орнына мектептердің жаппай ашылып жатқаны мемлекеттік ақпарат құрал-дары арқылы елдегі оң үрдіс ретінде насихатталды. Енді құзырлы органдар: «Масқара, жеке мектеп тойхана үшін салынған ғимаратта орналасыпты» деп, тоңын теріс айналдырып жатыр. Жекеменшік мектептерде де балалар тегін оқи алады, бұл мүмкіндіктен айырмау маңызды. Олар өз атын шығаратын дарынды, вундеркинд балаларды белсенді іздейді, ілгерілетеді. Мемлекеттік мектептің көбінде бұған ынта-ықылас жоқ. Сол себепті балалық шағын босқа құртпауы үшін IQ-і жоғары Ерасыл деген оқушымның мықты жеке мектепке ауысуына септестім, – дейді ұстаз.
Оның мәліметі бойынша, 2025–2026 оқу жылында жеке мектептерде ақылы оқитын балалардың ата-анасы ай сайын 100 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін төлейді. Жылдық оқу ақысы 1,2 миллионнан 15 миллион теңгеге дейін барады. Беделді мектептер Cambridge, IB, A-Level сияқты халықаралық стандарттармен тереңдете оқытады. Ендеше бірде бір мемлекеттік мектеп бұл деңгейге жете алмауы мүмкін. Сондай-ақ олар түрлі үйірме-секция, кеңейтілген сабақтан тыс бағдарлама, бассейн, зертханалар, заманауи жабдықталған кабинеттер ұсынады, баланы нақты бір кәсіп пен спортқа бейімдейді.
Ашық дереккөздерге сәйкес, Haileybury Astana британдық мектебінде баланы ақылы оқыту бір жылға 9-дан 13 миллион теңгені талап етеді. Оның түлектері Ұлыбритания университеттері мен колледждеріне түсе алады. Cambridge IGCSE пен A-Levels халықаралық бағдарламасына құрылған Spectrum International School ақысы оқыту деңгейіне қарай 7-ден 9 миллион теңге аралығында құбылады. Miras International School жылдық ақысы – 4-7 млн, Nurorda School – шамамен 4,7 млн (+тамақтануына 740 мың теңге), Tamos Space School – 2,6-3 млн, Flagman Primary School – шамамен 2,8 миллион теңге сұратады.
Қаржы министрі Мәди Такиев жеке мектептерге мемлекеттік тапсырыс беру тетіктерін қайта қарау бағытында жұмыстар басталып кеткенін мәлімдеді. Ол осы салада проблема барын және оны шешу үшін жекеменшік мектептердің қаржыландыру процестері толық цифрландырылып, келісімшарттан бастап ақша төлеуге дейінгі қызметтерге төлемдер есепке алынғанын хабарлады.
Соның нәтижесінде, аз уақыт ішінде 55-ке жуық жеке мектеп бюджеттік қаржыландырудан қағылды. Мемлекеттік OrtaBilim ақпараттық жүйесінің 2026 жылғы қаңтардағы мәліметтеріне сәйкес, e-Qazyna.kz веб-порталында биыл 789 жеке мектеппен ғана 78,7 миллиард теңге көлемінде қаржыландыруға келісім бекітіліпті. Салыстырар болсақ, былтыр 845 мектеппен келісім жасалған еді. 2025 жылғы республикалық бюджеттен Оқу-ағарту министрлігіне мемлекеттік білім беру тапсырысын жекеменшік орта білім беру ұйымдарында орналастыруға 136,6 млрд теңге бөлінген-тін.
– Жалпы, бұрынғы жылдары қаржыландырылған 206 жекеменшік білім мекемесі белгіленген талаптарға сай келмейді деп танылды. Оқушылар мен мұғалімдерді жалған тіркеу және қосарланған есепке алу, рұқсат етілген жобалық қуаттан артық жүктеу және тағы басқа жағдайлар анықталды. Аудит барысында мынадай теріс үрдістер әшкереленді: 1 333 оқушы бір мектептен екіншісіне 5-тен 12 ретке дейін көшіп жүрген. 64 жекеменшік мектепте оқушылардың саны ғимаратының жобалық қуатынан екі есе артық болып шықты. 2024 жылы 167 жеке мектеп төл салықтық есептілігінде кіріс таппағанын көрсеткен, – деді министр Мәди Такиев.
Осыған байланысты Ішкі мемлекеттік аудит қызметінің аумақтық департаменттері арнайы хат жолдады, нәтижесінде мектептер 1,2 млрд теңге көлемінде салықты төледі. Бүгінгі таңда 46 мектепте қарсы тексерулер жүргізу жалғасқан.
Келесі кезеңде 6 887 мемлекеттік мектепті, балабақшалар мен университеттерді цифрландыру көзделген. Бұл қадам білім беру қызметтерін бюджеттен қаржыландырудың барлық циклінде толық ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтіледі.
Елдос СЕНБАЙ