Цифрлық дәуірдің құқықтық негізі қаланады

Биыл Қазақстан үшін цифрлық трансфор­мация­ның басым бағыттарын айқындайтын кезең болмақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады және жақында Цифрлық кодекске қол қойды. Сонымен қатар көп кешіктірмей барлық цифрлық бастамаларды жалпыұлттық бағдарламаға біріктіретін Digital Qazaqstan біртұтас тұжырымдамалық құжатты қабылдау жоспарланған. 

Сандар сапаға айналып келеді

Елімізде цифрландыру жүйе­сі кейінгі онжыл­дық­та жалпыұлттық эконо­ми­ка­лық және әлеуметтік дамудың не­гізгі көрсеткішіне айналып ке­­леді. 2017 жылы Қазақстан Үкі­ме­ті экономика мен мемле­кет­тік бас­­қарудың цифрлық транс­­фор­ма­циясын жеделдетуге ба­ғыт­тал­ған «Цифрлық Қазақ­стан» атты ст­ратегиялық бағдар­ла­масын бе­кітті. Бағдарлама ая­сын­да ел аза­маттарының өмір сүру са­па­сын жақсартуға, жаһан­дық на­рық­тағы бәсекеге қабі­лет­тілікті арт­тыруға, тұрақты эконо­ми­ка­лық өсу жағдайын жасауға ба­ғыт­талған бірқатар бастамалар қолға алын­ды. Мамандардың пі­кі­рін­ше, қоғамда цифрлық жетілу үр­дісі ғана емес, сонымен қатар мем­­лекеттің басқару тәжі­ри­бе­сі­не жасанды интеллектіні ауқым­ды түрде енгізу шаралары тиімді жү­зеге асырылып жатыр.

Президент 2025 жылғы «Жа­сан­ды интеллект дәуіріндегі Қа­зақ­стан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзге­ріс­тер арқылы шешу» атты халыққа Жол­дауында елімізді алдағы үш жыл ішінде жаппай цифрлық мем­­­­лекетке айналдыру жөніндегі стратегиялық бағдарды жария­лады.

«Біздің маңызды стратегия­лық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мем­­лекетке айналдыру. Цифр­лан­дыру ісінде нақты жетіс­тік­те­рі­міз де жоқ емес. Біз электронды үкі­метті және финтехті дамыту ин­дексі бойынша әлем көшбас­шы­ларының қатарында тұрмыз.

2026 жылға қарай ІТ қыз­мет­тері­нің экспортын бір миллиард дол­ларға жеткізу – Үкіметке жүк­те­летін жаңа міндет. Шетелдің ірі ІТ компанияларымен бірлескен кә­сіпорындар ашу бұл іске сеп­ті­гін тигізері сөзсіз. Үкімет осы мә­­­­селені мұқият зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуі керек.

Үкімет жасанды интеллектіні да­мыту ісіне баса назар аударуға тиіс. Әлемде алдағы бірнеше жыл­­да осы салаға бір триллион дол­­лардан астам инвестиция са­лы­нады деген болжам бар. Жа­сан­­ды интеллект оны дамыта біл­ген елдердің ішкі жалпы өні­мі­не айтарлықтай үлес қосуы мүм­кін», – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ІТ са­лада қазірдің өзінде жетіс­тік­тер жоқ емес. Жасанды интел­лект жә­не цифрлық даму ми­нист­рі Жас­­лан Мәдиевтің есе­бін­ше, соң­ғы жылдары IT-нарық табысының айтарлықтай өсуі байқалып отыр. Қазақстан IT-қызметтер экспор­тын­да рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, 2021 жылмен салыс­тыр­­ғанда бұл көлем 15,7 есе арт­қан. 

«Былтыр IT-нарықтың жалпы кө­лемі 2 трлн теңгені құрады. Сон­дай-ақ IT-қызметтер экспор­ты да жоғары қарқынмен дамып келеді. Күтілім бойынша, оның кө­лемі 1 млрд АҚШ долларына же­теді», – деді ол. Министрліктің де­рек­теріне сәйкес, 2025 жылы Қа­зақстандағы IT-нарықтың жал­пы табысы 2 трлн теңгені құ­рап, 2021 жылмен салыстырғанда 2,1 есе өсті. 2025 жыл отандық IT-са­ласы үшін бетбұрыс кезеңі бол­ды. Бұл жылы сектор тек қар­жы­лық көрсеткіштерге жетіп қа­на қоймай, бірқатар инсти­туционалдық және инфра­құры­лым­дық реформаларды да аяқ­тады.

Ж.Мәдиевтің мәлімдеуінше, 2025 жылы еліміз халықаралық рей­тингтердегі позициясын ны­ғай­тып, ЖИ дамуының инсти­ту­цио­налдық негізін қалыптас­тыр­­ды. Халықаралық бағалауларға сәйкес, бүгінде Қазақстан элек­трон­­дық үкіметтің даму индек­сінде (EGDI) 24-ші орында және он­лайн-қызметтер индексі (OSI) бойынша әлемнің топ-10 еліне кіре­ді. Сонымен қатар alem.cloud ұлт­тық суперкомпьютерлік клас­тері әлемдегі ең ірі суперкомпью­тер­лердің TOP-500 рейтингіне еніп, 86-шы орынға ие болды. Осы­лайша, Қазақстан есептеу қуа­ты бойынша өңір көшбасшы­ларының бірі ретіндегі мәртебесін растады.

«Бұл ұстанымдар цифрлық же­тілу деңгейін ғана емес, соны­мен қатар мемлекеттің басқару тә­жірибесіне жасанды интел­лек­тіні ауқымды түрде енгізе алу қ­а­білетін де көрсетеді», – дейді ми­нистр.

Қауіпсіздік жағын ескерген жөн

Дегенмен цифрлық техно­ло­гияларының әлемде тез қарқын­мен дамуы және қоғамға дендеп енуі – оны қолдана білу этикасы мен қауіпсіздік шараларына қатысты мәселелерді туындатады. Әсіресе, интернет пен әлеуметтік же­л­ілердің кең қолданылуы адам­­ның эмоционалдық және пси­­хологиялық жағдайында қа­тер­ге ұрыну, алданып қалу секіл­ді жеке басқа қауіп ықти­мал­ды­ғын арттырады. Сондықтан ақ­параттық гигиена, медиа сауат сияқ­ты сақтық ережелерін білу­дің және азаматтардың заңмен қор­ғалуының маңыздылығы зор. 

Былтыр елімізде ЖИ тура­лы заң қабылданды. Жа­қын­да Мемлекет басшысы Циф­р­лық ко­декске қол қойды. Аталған құжат­тар цифрлық даму үрдісімен қа­тар, жаңа сын-қатерлердің өршуі, алаяқ­тар мен киберқыл­мыс­кер­лер­­­дің пайда болуы сияқты цифр­­­лық қауіптердің алдын алуға арналған. Шындығында, цифр­лық қауіпсіздік – тек ІТ маман­дары­ның емес, әрбір азаматтың жеке мәселесіне айналып отыр. Соңғы жылдары интернет ар­қы­лы жасалатын алаяқтық әре­кет­тер­дің түрі өзгеріп, әдісі күр­де­лене түсті. Азаматтардың атына не­сие рәсімдеу, жалған инвес­ти­циялық платформалар арқылы ал­дау, фишингтік сілтемелер ар­қылы банк картасынан ақша ұр­лау күнделікті қалыпты жағдай бо­лып тұр. Тіпті, жасанды интел­лект құралдарын пайдалану ар­қы­лы жалған дауыс, видео жасап, се­німге кіру жағдайлары мен зор­лық-зомбылық асқынып ке­ле­ді. Осы орайда, біз, «Цифрлық дәуір­дің құқықтық негізі қан­дай?» және ««Жасанды интеллект ту­ра­лы» заң мен Цифрлық ко­декс­­тің айырмашылығы не?» де­ген сұрақ­тарға жауап іздеген едік.

– Этика және заңнама мә­се­ле­лері ерекше назар аударуды қа­жет етеді. Жасанды интел­лек­тіні қолдану барысында дербес де­ректердің құпиялылығын қам­та­масыз ету, әділеттілік және транс­паренттілік принциптерін сақ­тау маңызды. Алаяқтық, жал­ған ақпарат тарату және кибер­ша­буылдар қаупін азайту үшін ақ­паратты сүзгіден өткізу, дерек­тер­ді шифрлау және көпсатылы ау­тентификация сияқты шаралар қол­данылуы қажет, – дейді про­фес­сор, PhD докторы Айнұр Ахме­диярова.

Цифрлық кодекстің қа­был­­дануы депутат Екате­рина Смышляеваның сөзінше, елімізде алғаш рет цифрлық құ­қық ұғымын заңмен бекітпек. Сон­дай-ақ кодекс азаматтардың цифрлық активтері мен дерек­те­рін құқықтық тұрғыдан қорғауды көздейді.

Сарапшылар кодекстің негізгі мақ­саты – цифрлық ортада бі­рың­ғай құқықтық база қалып­тас­тыру, мемлекеттік басқарудың цифр­­лық трансформациясын же­делдету және осы саладағы қо­ғам­­дық қатынастарды реттеуге ба­­ғытталған дейді. Мәжіліс депу­та­ты, «AMANAT» партиясы фрак­­­­­циясының мүшесі Нұр­тай Са­бильяновтың айтуынша, Цифр­лық кодексте тұтыну­шы­лар­дың және цифрлық плат­фор­ма­ларды пайдаланушылардың құқық­та­рын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылған.

– Цифрлық кодекс цифрлық ор­тада бірыңғай мемлекеттік сая­сатты жүзеге асыруға мүмкіндік бере­ді. Сонымен қатар, кодексте тұт­ынушылардың және цифрлық платформаларды пай­далану­шы­лар­дың құқықтарын қорғау мә­се­лелеріне ерекше назар аударыл­ған. Яғни, цифрлық плат­фор­­­малар мен қосымшалар арқылы тауар са­тылған, қызмет көрсетілген не­месе жұмыстар атқарылған жағ­дайда, салалық заңнама та­лап­тарын сақтау міндеттеледі.

Мысалы, тауар сату ба­ры­сын­да тұтынушылардың құ­қықтарын қорғау және сауда қыз­­меті туралы заңдарда көзде­л­ген талаптар орындалуға тиіс. Атап айтқанда, сапасыз тауар са­­­тылған жағдайда, тұтынушы 14 күн­нің ішінде оны цифрлық плат­­форма арқылы қайтару құ­қы­ғына ие болады, – деді депутат.

Депутаттың сөзінше, кодекс жо­­басын талқылау барысында адам­ның құқықтары мен бос­тан­дықтарын, заңды мүдделерін, сон­дай-ақ мемлекеттің қауіп­сіз­дігін қорғауға айрықша мән бе­ріл­ді.

– Азаматтардың дербес де­рек­терін қорғау және кибер­қауіп­сіз­дік талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік көзделіп отыр. Цифр­лық жүйелердің иелері аза­мат­тардың немесе өзге де субъек­ті­лердің талабы бойынша оларға қа­тысты барлық цифрлық жаз­ба­ларды жоюға міндетті болады. Мемлекеттік бақылау жүйесі ар­қы­лы аса маңызды цифрлық объек­тілердің киберқауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, тиісті тексеру мен бақылау жүргізіледі. Со­ны­мен қатар цифрлық деректерді із­деу, қалыптастыру және пай­да­лану еркіндігі, ашықтығы мен қол­жетімділігі қамтамасыз етіле­ді, – деді ол.

Сондай-ақ Нұртай Саби­лья­нов «Жасанды интел­лект туралы» заң мен Цифрлық ко­­декстің айырмашылығын тү­сін­дірді және аталған заңда жа­сан­ды интеллектінің ұлттық плат­фор­ма­сын құру көзделгенін айтты.

– Ұлттық платформа дерек­на­маларды жинау, өңдеу, сақтау, та­рату және түрлі қызметтер ұсыну­ға арналған технологиялық алаң болып табылады. Үкімет жа­санды интеллект саласындағы мем­лекеттік саясаттың негізгі ба­ғыттарын іске асырып, жасан­ды интеллектінің ұлттық плат­фор­масының операторын ай­қын­дайды. Жалпы алғанда, заңда жасанды интеллект жүйелерінің құ­қықтық режимі, оларды пай­да­ланушылардың құқықтары мен мін­деттері, қауіп-қатерлерді бас­қару тетіктері, сондай-ақ жүйе­лер­дің ашықтығы мен қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету мәселелері қарас­тырылған, – деді депутат.

Көріп отырғанымыздай, жа­санды интеллект қолжетімді бол­ған сайын жалған әрекеттердің түрі көбейіп, оны жасау жолдары бұрынғыдан да оңай әрі жеңіл бо­лып барады. Бірақ сол тех­но­логияны дұрыс қолдана отырып, жал­ған ақпаратты анықтау мен оған қарсы тұруға да болады. Ол үшін заң, платформа, технология және ең бастысы, тұтынушының сыни ойлауы қатар жұмыс істеуі қа­жет. Сонымен қатар цифрлық дәуірде әрбір адам өзінің құқық­тары мен қауіпсіздігін сақтауы үшін ең алдымен қарапайым қа­ғи­даларды есте сақтауға тиіс. Яғни, жеке деректерді әр плат­фор­­мада қалдыруға асықпау, банк картасы, SMS-код сияқты құпия ақ­паратты ешкімге бермеу, бей­мә­лім сілтемелерге өтпеу және элек­тронды пошталар мен мес­сенджерлердегі күмәнді хабар­ла­маларға жауап бермеу керектігін білуіміз керек.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ