Жертөледегі жәдігер

Астанада букинистік бағыттағы кітап дүкені әзірге жалғыз ғана. Kitapashar деп аталатын дүкен тұрғын үй астындағы жертөлеге жайғасқан.

Бұл дүкен бүгінде елордалық жастардың жиі бас сұғатын жеріне айналды. Былтыр мекенжайы екі рет ауысты. Аталған орынға біз де бардық. Дүкен иесімен сұхбаттасып, қордағы кітаптармен танысып қайтқан едік. 

Әдетте жоғары шығатын бас­палдақпен бұл жолы төмен түстік. Темір есікті ашып едік, дүкен ішін­дегі кітап қағазының иісі бірден сезілді. Кітаптар сөреге қаз-қатар қойылыпты, ал сөреге сыймағандар еденге жайғастырылған. Бөлме қабырғасын жағалай үсті-үстіне қо­йыл­ған  кітаптардың биіктігі бе­л­­уардан келеді. Осыншама кітап­тың бәрі қайдан келді? Оларды қа­лай жинады? Дүкен иесі Арай­лым Қадырға қойған алғашқы сауалымыз осылар еді. 

– Бұл – әр  үйде, сөрелерде шаң басып тұрған кітаптар. Біз оларды әр адамның үйінен бір-бірден, кейде оннан, кейде жүзден жина­дық. Дүкеніміз ашылғаннан бері кейбір адамдар өз кітабын сыйға беріп жатыр. Дәл осы жерде шама­мен жүздеген адамның жеке кітап­хана­сынан алынған 5 мыңға жуық кітап бар, – деді Арайлым.

Рас, бүгінде жаңа, әртүрлі ба­ғыттағы кітаптарды сататын дүкен­дер өте көп. Ал букинистік бағыт­тағы дүкен некен-саяқ. Букинистік дүкен – бұл ескі немесе қолданыс­тан шыққан кітаптарды сатып алып, оларды ретке келтіріп сата­тын дүкен. Арайлымның мұндай дүкенді ашудағы мақсаты – бас­падан қайта шықпаған кітаптардың нұсқасын сақтап қалу.

– Алматы қаласында букинис­тік дүкендер 20 жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп келеді. Ал Астана қаласында букинистік дү­кен мүлде жоқ. Бұл не деген сөз? Яғни, елордадағы ескі кітаптар қоқыс­қа кетеді не үйде шаң басып жатады дегенді білдіреді. Сондық­тан ескінің көзін сақтап қалу мақсатында осындай кітап сататын дүкен аштым, – деді ол.

Бұл әмбебап дүкенде түпнұсқа басылымдар мен антиквариаттарды кездестіруге болады. Кітап қорын­да бірнеше тілдегі көркем әдебиет пен қазақ әдебиеті жауһарларының да түпнұсқа басылымдары сақтал­ған. Мәселен, 1960 жылы басылған Әбділда Тәжібаевтың «Өмір және поэзия» кітабы, 1960 жылы шық­қан (С. Мұқановтың творчествосы және қазақ совет-әдебиетінің бірсыпыра мәселелері жайында зерттеу) Темірғали Нұртазиннің «Жазушы және өмір», 1964 жылы жарыққа шыққан Сейділда Орда­лиевтің «Қазақ драматур­гиясының очеркі», «Ғашық-наме» кітабының түпнұсқалары сөреден орын алып тұр. Өкініштісі, аталған кітаптар­дың кейбірі қайта баспа­дан шық­пай, тек электронды кі­тап­хана­лар­да сақтаулы.

Аядай бөлменің төрінде этно тұскиіз ілулі тұр. Оған қоса, орын­дықтың жанындағы жиюлы тұрған құрақ көрпе де көз тартады. Арай­лым­ның айтуынша, оларды әжесі арнайы дүкен үшін тігіп берген. Бұдан шағын дүкеннің іші этно­стильде жасалған деп қоры­тын­­ды шығару дұрыс емес. Өйткені Kitap­ashar лофт стильде безендірілген. Ұлттық қолөнер мен заманауи дизайнның әдемі үйлесуі рухани әрі зияткерлік кеңістікке айналып, оқырмандарға еркіндік пен жай­лылық  сезімін береді. 

Қалың кітаптар арасындағы сұхбатымыз есіктен бір топ оқыр­ман кіріп келгенде үзілді. Олар Ша­быт университетінің студент­тері екен. Бұл олардың алғаш рет келуі емес екен. Мұнда бас сұғуына бір ғана себеп бар. Ол – халық ән­дері жинағы кітабы. 

«Тек тақырыбын ғана естіген әндеріміздің мәтінін осы кітаптан табамыз. Дүкенге бірінші рет келгенімізде бірден осы кітапқа көзіміз түскен. Мұқабасы болмаса да, нағыз керектің бәрі ішінде. Дү­кен иесі үшін бұл кітап қымбат, сол үшін сатылымға қоймаған. Өкініш­ті. Бірақ кез келген уақытта өті­ніші­мізді жерге тастамай, керек дү­ние­мізді алуға қол ұшын береді», – деді студент Берік Жарыл­қасы­нов.

Кітап ошағына келушілер тек кітап оқу үшін келмейді. Мұнда поэтикалық кештер, жас ақындар мен жазушылардың шығарма­шылық басқосулары, оқырман тал­ғамына сай кешкілік кино көр­сетілімдері жиі ұйымдас­тырыла­ды. Әрбір қонақ мұнда әде­биет пен өнердің біртұтас әлеміне еніп, жаңа идея мен шабыт ала ала­ды. Дүкен­нің жылы, жайлы атмосферасы кітап оқудан бөлек, шабыттануға, шығармашылыққа ұмтылуға мүм­кіндік беретін орын ретінде ерек­шеленеді. Арайлым­ның айтуынша, кітапсүйер қауым өнерге сусындап, жанын тыныш­тандыру үшін осы жерге асыға келеді. Әр шара жаңа идея мен шабыт сыйлап, келуші­лерді шығармашылыққа тартатын ерекше әдеби ортаға айналған. 

– Егер дүкеннің мақсаты тек кітап сату болса, келетін оқырман саны аз болар еді, бәлкім. Өйткені ескі кітаптарды сатып алатындар көп емес. Сондықтан кітапталқы­лар, киноталдау сияқты жиындар, жастарды қызықтыра түсетін кеш­тер ұйымдастырылса, шынайы мақ­сатта келетін қонақтар қатары көбейеді, – дейді А. Қадыр.

Kitapashar дүкенінің ерекшелігі – кітаптардың сырты қаптаулы күйінде сатылатынында. Кітапты оқып шыққан оқырман сол кітаптан түйгенін қапталған мұқа­баға жазып қалдырады. Кейіннен ол қызықтырған оқырманның қолына тиеді. Дүкенге келген оқыр­мандар кітапты сол жазуға қарап, сатып алады екен. «Адам табиғаты өзіне жұмбақ көрінген нәрсені білгісі келіп тұрады ғой. Қаптаулы тұрған кітап та дәл сол сияқты: кітаптың атауы қалай, бір түйін ойдың аста­рында не жасы­рыл­ған, осыларды білуге ұмтылады. Бір қарапайым ғана құмарлық кейде адамды кітап­қа жақын­датады», – деп ойын жет­кізді дүкен иесі.

Сонымен қатар дүкен иесі заман­ның талабына сай әлеуметтік желіні де жолға қойған. Оны өзі тұрақты түрде жүргізіп отырады. Қазір бұл парақшаның 10 мыңға жуық оқырманы бар. Соған байла­нысты желіден көріп, іздеп келетін жастардың қарасы қалың. Дүкен иесінің айтуынша, қазір жастар ара­сында ескі кітаптарға деген қызы­ғу­шылық жоғары. Оған әлеу­меттік желінің пайдасы тиген. Дүкен иесі кітапқа деген сұраныс ешқашан түспейді деп санайды. Ол электронды кітаптарға әуестік те бәсеңдеп бара жатқанын, адамдар­дың кітапты сатып алуға тырыса­тынын алға тартты.

Кез келген істі бастау үшін идея аздық етеді, оған міндетті түрде қаржы керек. Букинистік бағыт  қыруар табыс әкелетін сала емес екені белгілі. Алайда Арайлым кез келген жағдайда тәуекелге бел буып, шешім қабылдай алу керек екенін негізге алды. 

«Алғашқы дүкенді Кенен Әзір­баев көшесінен ашып едім. Бірақ қаржылық жағдайға байла­ныс­ты ол жерден көшуге тура кел­ді. Сөйтіп, кәсіпті тоқтатудың емес, оны сақтап қалудың жолын іздей бастадым. Сол уақытта «Тәуелсіздік ұрпақтары» деген мемлекеттік гранттың бар екенін білдім. Оның жеңімпазына 3 мил­лион теңгеден береді екен. 2023 жылы сол кон­курсқа қатысып, бақ сынап көріп едім, жеңімпаз атан­дым. Соның арқасында букинистік бағытты қайта дамыттым», – деп сөзін түйді Арайлым. 

Айтпақшы, дүкенде жергілікті суретшілердің көркем кескін­деме­лері мен қолөнершілердің бірегей бұйымдары қойылған. Келушілер бұл туындыларды қолжетімді баға­да сатып ала алады. Барлық экспо­нат кітапқұмарлар үшін арнайы жасалған: кітап бетбелгілері, ашық­­хаттар, кітап бейнесіндегі жа­рық шамдары, компьютер құ­рал-жабдығы. 

Kitapashar – рухани шөлді қандыратын кішкентай оазис. Бұл жерден қимай қоштасқанымыз рас. Егер сіз де жаныңызға шуақ ізде­сеңіз, осы бір жертөледегі жәдігер­лер әлеміне бір соғып кетіңіз.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ