Солтүстік Қазақстан облысында із-түзсіз жоғалды деп есептелген 75 жастағы әйелдің қаза болуына байланысты тексеру жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Зейнеткер Петропавл қаласындағы ауруханалардың бірінің маңынан табылған. Алдын ала мәлімет бойынша, ол қатты суықтан үсіп қайтыс болған.
Полицияның хабарлауынша, 14 қаңтар күні кешке құқық қорғау органдарына 314-атқыштар дивизиясы көшесінде тұратын қарт әйелдің жоғалғаны туралы арыз түскен. Белгілі болғандай, ол сол күні шамамен сағат 13:00-де үйінен шығып, ауруханаға қарай бет алған, бірақ қайта оралмаған. Ұялы телефоны өшірулі болған.
Әйелдің денсаулық жағдайын ескере отырып, полицейлер оның бағдарынан жаңылып қалуы мүмкін екенін жоққа шығармаған. Іздеу жұмыстарына қалалық және облыстық полиция қызметкерлері, арнайы бөлімше жауынгерлері, әскери қызметшілер мен еріктілер тартылған. Жалпы, іздеу шараларына 60-тан астам адам қатысқан.
Ауа райының күрт суытуы іздеу жұмыстарына айтарлықтай кедергі келтірген. Әйел болуы мүмкін аумақтар тексеріліп, көшедегі бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелген. Алайда түнгі уақытта оның нақты қайда жүргенін анықтау мүмкін болмаған.
15 қаңтар күні таңертең учаскелік инспектор қарт әйелді аурухана маңындағы шаруашылық корпусының жанынан, адамдар сирек жүретін аумақта қоршау түбінен тауып алған. Ол ауыр жағдайда болып, қатты үсіп қалғандықтан, байланысқа келе алмаған. Әйел жедел жәрдем бригадасына тапсырылғанымен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция өкілдері қарт адамдардың қауіпсіздігіне ерекше мән беріп, оларды қараусыз қалдырмауға шақырды.