Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында іс-қимылды қадағалау моделіне көшу және қаржы омбудсманының бірыңғай офисін құру жоспарланып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл өзгерістер Банктер және банк қызметі туралы жаңа заңда қамтылған. Заңды Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірледі.
Заң аясында іс-қимылды қадағалау моделіне көшу көзделген. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ететін пруденциялық қадағалаудан айырмашылығы, іс-қимылды қадағалау қаржылық қызметтерді тұтынушылардың тәуекелдерін төмендетуге бағытталған. Іс-қимылды қадағалаудың мақсаттары тұтынушылардың құқықтарын қорғауды, адал бәсекелестікті дамытуды және дауларды сотқа дейін реттеудің тиімді тетіктерін құруды, сондай-ақ жария етілетін ақпараттың толықтығы мен дұрыстығын бақылауды қамтиды.
Ұсынылған тәсілдер Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі 12 қағидатына негізделгенін атап өткен жөн. Аталған халықаралық стандарттарды қаржы саласындағы әлемдік стандарттарды белгілейтін Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңес мақұлдаған.
Қағидаттар қаржылық қызметтерді реттеудің бүкіл ауқымын, оның ішінде нормативтік базаны қалыптастыруды, тұтынушыларға әділ және тең қарауды, алаяқтықтан қорғауды, дербес деректерді қорғауды және шағымдарды қараудың тиімді тетіктерін құруды қамтиды. Іс-қимылды қадағалауды енгізуді қамтамасыз ету үшін заңда қаржы өнімдерін басқаруға, толық және шынайы ақпаратты жария етуге, жосықсыз практикаларды болдырмауға, сондай-ақ қаржы ұйымдарының уәкілетті агенттер мен делдалдардың қызметі үшін жауапкершілікті қабылдауға қойылатын талаптар белгіленеді.
Сонымен бірге Заңда банк, сақтандыру және микроқаржылық қызметтер бойынша қаржы омбудсманының бірыңғай офисін құру көзделген, бұл азаматтардың жолданымдарын қараудың біркелкілігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Тұтынушылардың құқықтарын тиімді қорғау үшін дауларды сотқа дейін реттеудің үш деңгейлі жүйесі енгізіледі. Мәселен, қаржы ұйымында шағымдарды бастапқы қарау, кейіннен қаржы омбудсманына және жүйелік бұзушылықтар анықталған жағдайда уәкілетті органдарға жүгіну көзделген.
Банктер туралы жаңа заңда технологиялық өзгерістер, экономиканы қаржыландырудағы банк секторының рөлін арттыру, бәсекелестікті күшейту және нарыққа жаңа қатысушыларды тарту, сондай-ақ қаржылық технологияларды ілгерілету және цифрлық активтердің айналымын ырықтандыру мәселелері ескеріледі.