Ақтау-Бейнеу бағытындағы автобус апатынан қаза тапқандар саны артты

Тергеу амалдары әлі жалғасып жатыр...

Ақтаудан Бейнеу ауданына бағыт алған жолаушылар автобусы апатқа ұшырап, тағы бір жолаушы ауруханада көз жұмды. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Еске салайық, жол-көлік оқиғасы 16 қаңтар күні түнгі сағат 01:30 шамасында Ақтау–Бейнеу тасжолында болған. Апат салдарынан оқиға орнында төрт адам қаза тауып, 42 жолаушы түрлі дене жарақаттарымен Бейнеу аудандық ауруханасына жеткізілген.

Кейін жарақат алғандардың бірі ауруханада көз жұмды. Осылайша, апаттан қаза тапқандар саны бес адамға жетті. Қазіргі уақытта 13 науқастың жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда, үш адам реанимация бөлімінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлттық медициналық үйлестіру орталығымен бірлесіп, емдеу тактикасын пысықтап отыр.

Оқиғаға байланысты облыс әкімдігі жанынан жедел штаб құрылып, жол апатының салдарын жою, зардап шеккендерге медициналық және психологиялық көмек көрсету бойынша кешенді шаралар қабылданды. Бейнеу ауданына жоғары санатты дәрігерлер тобы жіберілді.

Медицина қызметкерлерінің мәліметінше, зардап шеккендер бас-ми жарақаттары, кеуде қуысы мен ішкі ағзалардың соғылуы, сондай-ақ сүйек сынулары секілді ауыр жарақаттар алған.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда 16 науқас ауруханада ем алып жатыр, қалған жолаушылар үйлеріне жіберілген.