33 жастағы фитнес-нұсқаушы жаттығудан тыс уақытта Петропавл қаласында есірткі жасырумен айналысқан, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Полицияның мәліметінше, күдікті бұл заңсыз әрекетке өткен жылдың қараша айынан бастап барған. Ол 16 қаңтар күні қылмыс үстінде ұсталды.
Тергеу барысында ер адамның есірткіні жасыру үшін адам сирек жүретін аумақты — №3 қалалық аурухананың маңын таңдағаны анықталды.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, күдіктіні жеке тінту кезінде сарғыш түсті зат салынған 22 түйіншек табылып, тәркіленген. Сонымен қатар, оның көрсетуімен тағы бір жасырын жерден қосымша 3 түйіншек анықталды.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат PvP синтетикалық есірткісі болып шыққан. Жалпы салмағы шамамен 25 грамм, бұл аса ірі мөлшер саналады.
Қазіргі таңда ұсталған азаматқа психотроптық заттардың заңсыз айналымы бойынша іс қозғалып, оған 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр.