Денсаулық сақтау саласының көрнекті өкілі Айгүл Қасымова қайтыс болды

Министрдің айтуынша, Айгүл Құбашқызының басшылығымен Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығының базасында кейін еліміздің денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға негіз болған бірқатар пилоттық жобалар әзірленіп, сәтті іске асырылған.

Медицина саласының көрнекті өкілі, Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығының тұрақты басшысы Айгүл Қасымова 56 жасында өмірден өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қаралы хабарды денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова растады. Министрдің айтуынша, Айгүл Құбашқызының басшылығымен Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығының базасында кейін еліміздің денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға негіз болған бірқатар пилоттық жобалар әзірленіп, сәтті іске асырылған.

Ақмарал Әлназарова марқұмды денсаулық сақтау саласының дарынды ұйымдастырушысы, білікті менеджер, мемлекеттік деңгейде ойлай алатын кәсіби маман ретінде атап өтті.

— Айгүл Құбашқызы шынайы энтузиазмымен, мамандығына адалдығымен, дәрігер мен басқарушы миссиясын терең түсінуімен ерекшеленді. Ол сирек кездесетін жауапкершілік сезімінің иесі еді, — деді министр.

Әріптестерінің айтуынша, Айгүл Қасымова кең пейілді, адамдарға ашық, әрдайым қолдау көрсетуге дайын, ұжымды соңынан ерте алатын әрі айналасына шабыт сыйлай білетін тұлға болған.

 

Денсаулық сақтау министрі марқұмның туған-туыстарына, жақындарына, әріптестеріне және барша медициналық қауымдастыққа шын жүректен көңіл айтып, қайғыға ортақ екенін білдірді.