Теңіз кен орнында екі бірдей өрт тіркелді

Бұны «Теңізшевройл» ЖШС-нің баспасөз қызметі растады.

Теңіз кен орнындағы электр генераторларында екі өрт болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұны «Теңізшевройл» ЖШС-нің баспасөз қызметі растады.

Нақтырақ айтқанда, төтенше жағдай кен орнындағы Үшінші буын зауытының аумағында орын алған. Компания өкілдерінің мәліметінше, өрт қысқа уақыт ішінде жедел сөндірілген. Зардап шеккендер жоқ.

– ТШО-ның өндірістік қызметі тоқтаусыз, қалыпты режимде жалғасып жатыр. Қызметкерлердің қауіпсіздігі компания үшін басты басымдық болып қала береді. Қазіргі таңда оқиғаның түпкі себептері белгіленген тәртіпке сәйкес анықталуда. ТШО өз операциялық қызметінің жекелеген мәселелері бойынша пікір білдірмейді, – делінген ресми хабарламада.

Алдын ала мәлімет бойынша, қауіпсіздік шаралары аясында 450-ден астам жұмысшы эвакуацияланған.

Осы оқиғаға байланысты «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы таратқан ақпаратқа сәйкес, алдымен кен орнындағы ГТЭС-4 нысанында GT-9.3 турбинасының трансформаторы өртенген. Араға аз уақыт салып, осы нысандағы GT-9.5 трансформаторынан да өрт шыққан.

 

Қазіргі уақытта жағдай толық бақылауға алынған, нысандарда қосымша тексеру және қауіпсіздік шаралары жүргізіліп жатыр.