Астанада көпқабатты тұрғын үйде болған өрт салдарынан 23 адам эвакуацияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Төтенше жағдай Сарыарқа ауданындағы Степан Кубрин көшесінде орналасқан 12 қабатты көппәтерлі тұрғын үйде тіркелген. Оқиға орнына жедел жеткен ТЖМ бөлімшелері бірінші қабаттағы пәтерлердің бірінде жиһаз жанғанын анықтады.
Өрт сөндірушілер жедел барлау жүргізіп, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге кіріскен.
– Құтқарушылардың күшімен баспалдақ арқылы 23 адам, оның ішінде 9 бала эвакуацияланды, – делінген ТЖМ хабарламасында.
Өрт сөндірушілердің үйлесімді әрі жедел әрекеттерінің нәтижесінде өрт 25 шаршы метр аумақта толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.