Футболдан Қазақстан Премьер-Лигасында өнер көрсететін Ақтөбе португалиялық танымал футболшы Луиш Нанимен келісімге келді. Бұл туралы AmanVibe хабарлады. Мәліметке сәйкес, келісімшарттың барлық негізгі шарттары алдын ала мақұлданған.
38 жастағы жартылай қорғаушымен бір жылдық келісім жасалады деп жоспарланып отыр. Егер келісім ресми түрде бекітілсе, Нанидің жалақысы Қазақстан Премьер-Лигасы тарихындағы ең жоғары көрсеткішке айналмақ. Құжаттар қазір соңғы рәсімдеу кезеңінде.
Дереккөздерге сенсек, 22 қаңтарда футболшы Алматыға ұшып келіп, кейін Ақтөбеге аттанады. Онда ол клубқа ресми түрде таныстырылып, командамен дайындықты бастайды.
Луиш Нани клубтық мансабында ең үлкен жетістіктеріне Манчестер Юнайтед сапында жетті. Ол бұл командамен Чемпиондар лигасын жеңіп, Англия чемпионы атағын төрт рет иеленді. Сондай-ақ Португалия құрамасымен 2016 жылы Еуропа чемпионы атанды. Бұдан бөлек, ол «Спортинг», «Валенсия», «Фенербахче», «Лацио» секілді клубтарда өнер көрсеткен.